Шымкент: 160 кәсіпорын 1800 тұрақты жұмыс орнын ұсынды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: 160 кәсіпорын 1800 тұрақты жұмыс орнын ұсынды

36

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

Жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту шаралары

Президент тапсырмаларына сәйкес Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары» қабылданды. Оның аясында жастар мен жұмыссыздарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрақты және уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана 160 кәсіпорын 1 800 тұрақты жұмыс орнын, ал 227 мекеме 1 500 уақытша жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 223 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, оның ішінде әлеуметтік осал топтардың өкілдері де бар. Сонымен қатар «Еңбек.kz» порталы арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған оқушы мен студент жұмыс іздеу дағдыларын меңгеріп, арнайы сертификаттар алды.

Әлеуметтік қолдау және әділ көмек тетіктері

Жиын барысында Сәрсен Абайұлы Құранбек қаладағы әлеуметтік қолдау және әділ көмек тетіктеріне тоқталды. Президент атап өткендей, әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана бағытталуы тиіс. Бұл бағытта Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек жүйесі жетілдіріліп келеді. 2025 жылы осы мақсатқа 7,5 млрд теңге бөлініп, 4 684 отбасы (24 628 адам) қолдау алды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 242 балаға қосымша төлем жасалды. Қолдау алушылардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайып, халық табысының артуын көрсетті. Сонымен бірге, «FSM Social» мобильді қосымшасы енгізіліп, өтініштерді цифрлы форматта қабылдау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды. Қосымша ретінде Шымкент пен Қарағанды облысында әлеуметтік жағдайды 23 критерий бойынша бағалайтын баллдық үлгі енгізіліп, көмек шынайы мұқтаж жандарға ғана берілу мүмкіндігі артты.

Advertisements