Шымкент: “Отбасы Банктің” жаңа консультациялық орталығы ашылды

Қаламызда «Отбасы банк» АҚ-ның жаңа консультациялық орталығы ашылды. Орталықтың басты мақсаты – қала тұрғындарына баспаналы болудың тиімді жолдарын көрсетіп, тұрғын үй бағдарламалары жөнінде толыққанды кеңес беру.
«Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев сөз сөйлеп, жаңа бөлімшенің ашылуының маңызын атап өтті.
-Бұл орталық қала орталығына қатынауы қиын шеткі аудандардағы тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсетеді. Біз әрбір азаматтың өз шаңырағына ие болуына жағдай жасау үшін жұмыс істейміз, – деді ол.
Ашылу рәсіміне Нұрлан қажы Асанов, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, сондай-ақ белгілі блогер Өркен Кенжетай қатысты. Дәулет Мұқаев кезінде халыққа қаржы жинауды, әсіресе «Отбасы банк» арқылы баспана алудың жолдарын үйреткені белгілі.
Шараға жиналғандар жаңа орталықтың ашылуы талай жанның баспаналы болуына жол ашатынын атап өтті.
Жиналған халық та қуанышын жасырмады. Тұрғындар бөлімшенің үй маңынан ашылуы уақыт пен қаражатты үнемдеп, кеңес алу ісін жеңілдететінін айтты.
Соңғы жылдары Шымкенттің шет аймақтарында, әсіресе Асар-2, Тұран, Нұртас және Қайнарбұлақ шағын аудандарында көпқабатты үйлердің жаппай салынуы – мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Жаңа консультациялық орталықтар халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беріп қана қоймай, қаржылық сауаттылықты арттыруға да ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгінде қалада банктің 250 мыңнан астам салымшысы бар. Өткен жылы олардың 5 мыңнан астамы баспаналы болса, биылғы жылдың басынан бері 3 мыңға жуық тұрғын өз шаңырағына қол жеткізген.












