
ZeіneP – 2024 жылы іске қосылған, дезинфекциялық құралдар өндіретін заманауи зауыт.
Кәсіпорын “Оңтүстік” индустриалды аймағында орналасқан. Зауыттың басты бағыты – дезинфекциялық өнімдер шығару. Бүгінде мұнда шамамен 10 түрлі өнім өндіріледі. Олардың қатарында антисептиктер, сабындар және медициналық құралдарды жуатын бұйымдар бар. Бұл заттар негізінен медициналық мекемелерде, атап айтқанда, перзентханаларда, хирургиялық орталықтарда, стоматология мен косметология салаларында кеңінен қолданылады. Зауытта қазіргі таңда 10 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 30 адамға дейін арттырылмақ. Жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар.Төлемұратова Диана – солардың бірі. Өз ісінің маманы, химик-лаборант.Ол бүгінде еліміздің санитарлық-гигиеналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отырған жаңа өндіріс орнында еңбек етеді.
– Мен «Фармацевтикалық технология» мамандығы бойынша білім алдым. Өз мамандығыммен осы зауытқа жұмысқа орналасып, лабораторияда еңбек етіп жатырмын. Біз өнімдерге сынама жүргізіп, сапасын өндіріс барысында бақылаймыз, – дейді Диана Төлемұратова.
Кәсіпорында 20-дан астам автоматтандырылған құрылғы жұмыс істейді. Зауыт күніне 10 мың литрге дейін өнім өндіре алады. Қазіргі таңда мекеме «СК-Фармация» компаниясымен келісімшартқа отырып, жылына 100 тонна өнім өндіруді көздеп отыр. Сонымен қатар, өнімді экспортқа шығару жоспары да бар. Қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстан елдері тарапынан қызығушылық байқалуда.
Өндірісте қолданылатын шикізаттың басым бөлігі – отандық өнімдер. Сонымен қатар, зауыт ауруханаларда пайдаланылатын төсек жаймалары мен салфеткалар да шығарады.
Зауыттың өндірістік директоры Әбдімәлік Темірбаевпен де тілдестік. Ол бұл жобаның жеке инвесторлардың және құрылтайшылардың қаржысына жүзеге асқанын айтты.
– Зауыттың қалыптасу кезеңі үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде жоспарланған жұмыстар, яғни зауыт ғимараты пен қойма құрылысы қолға алынып, толық аяқталды. Екінші кезеңде 2025-2026 жылдар аралығында 1000 шаршы метрлік жаңа қойма салу жоспарланып отыр. Үшінші кезеңде зауытта шығатын салфеткалар мен басқа да өнімдерге қажетті шикізаттарды өзіміз өндіру көзделген. Бұл бағыт жүзеге асқанда зауыт толыққанды медициналық халаттар, салфеткалар мен төсек жаймаларын толық циклда шығаратын болады, — дейді Әбдімәлік Темірбаев.
Айта кету керек, зауытқа жер әкімдік тарапынан тегін берілген. Сондай-ақ, коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Жаңа өндіріс орны жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, еліміздің импортқа тәуелділігін азайтуға үлкен үлес қосып келеді.












