Жергілікті кәсіпкер өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуда

Әбілқасым Айтжан Нұрмаханұлы – бүгінде елімізде дамып келе жатқан өндіріс саласының белсенді өкілі. Ол – «ARNATEX» ЖШС-нің басшысы әрі құрылтайшысы. Еңбек жолын тігін цехында қарапайым жұмысшы ретінде бастаған кәсіпкер бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған тәжірибелі басшы. Орайы келгенде кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, Әбілқасым Айтжан Нұрмаханұлын әңгімеге тартқан едік.
Айта кетейік, кәсіпорынның негізі 2021 жылы, пандемиядан кейінгі қиын кезеңде қаланды. Бір жыл ішінде 1 гектар аумақта құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2022 жылы толыққанды іске қосылды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың, салық және коммуналдық төлемдер бойынша берілген жеңілдіктердің нәтижесінде кәсіпорын алғашқы қадамдарын сенімді бастады.

«ARNATEX» – мата емес бұйымдарды шығаратын өндірістік кәсіпорын. Бұл өнімдер жастық, көрпе, көліктің жабындылары сияқты бұйымдарды дайындауда қолданылады.
«Қазіргі таңда 20-ға жуық өнім түрін шығарудамыз. Негізгі тапсырыс берушілер – тігін цехтары, құрылыс компаниялары мен өндірістік мекемелер. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 720 мың тонна, алайда қазіргі таңда оның 30 пайызы ғана игерілуде», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны алғашында небәрі 5 жұмысшымен іске қосылған болатын. Уақыт өте келе өндіріс көлемі артып, жұмысшылар саны да ұлғая түсті. Кәсіпорын 3 өндірістік желі бойынша жұмыс істейді, әр желіде 8-9 құрылғыдан іске қосылған.

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Даму» қоры арқылы мемлекеттік субсидия алып, өндірістің ілгерілеуіне тағы бір серпін берілді. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер де бизнес жүргізуді айтарлықтай жеңілдетуде.
Болашақта «ARNATEX» кәсіпорны өндіріс аясын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, матрастарға арналған арнайы өнімдер шығарылып, тігін цехы ашылып, онда көрпе тігу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде тағы 8-9 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Біз тілдескен жергілікті кәсіпкер өз тәжірибесіне сүйене отырып, осылайша туған өңірінің дамуына үлес қосып келеді.












