“Шымкент барысы – 2025” турнирінің жеңімпазы анықталды

Шымкентте қазақ күресінен дәстүрлі «Шымкент барысы – 2025» турнирі өтті. Аса ауыр салмақтағы дода биыл 13-ші рет ұйымдастырылды. Жарысқа өңірдің ең үздік 20 балуаны қатысып, республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама үшін бозкілемде бақ сынады.
Бұл дода – тек қалалық деңгейдегі беделді жарыс қана емес, сонымен қатар балуандар үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені бірінші және екінші орын иегерлері «Қазақстан барысы» республикалық турниріне тікелей жолдама алады. Өткен жылғы республикалық турнирдің күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаров биылғы жарысқа қатысқан жоқ. Осылайша тәжірибелі өзге де жерлестеріміз өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық қазақ күресі федерациясының басшысы Асхат Мәуленов құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Биылдан бастап ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болды.
Сонымен, биылғы бәсекеде тәжірибелі балуандар Мейіржан Әбдімәліков пен Нұрсұлтан Қожагелдіұлы финалдық кезеңге шықты. Соңғы шешуші белдесуде Нұрсұлтан Қожагелдіұлының бағы жанып, «Шымкент барысы – 2025» турнирінің жеңімпазы атанды. Енді қос балуан республикалық турнирде белдеседі. Жеңімпаз және жүлдегер балуандар федерация, демеушілер тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«Шымкент барысы» – жас спортшыларға кәсіби деңгейге көтерілуге жол ашатын, ал тәжірибелі балуандар үшін өз шеберлігін шыңдайтын маңызды алаң. Ендігі кезекте аталған спортшылардың республикалық бәсекеде жүлдегер атануына сәттілік тілейміз.












