Биыл отандық өндірушілермен 100 млрд теңгеден асатын жаңа келісімдерге қол қойылды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Биыл отандық өндірушілермен 100 млрд теңгеден асатын жаңа келісімдерге қол қойылды

32

Елімізде отандық тауар өндірушілерді қолдау мен импортты алмастыру жұмыстары қарқын алып жатыр. Шымкент қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бастамасымен өткен дөңгелек үстелде бүгін осы бағыттағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар талқыланды. Бұған дейін мұндай кездесу елордада ұйымдастырылған еді.

Кездесуде компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың айтуынша, бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» сатып алатын өнімнің 65 пайызы жергілікті өндірушілердің үлесінде. Бұл көрсеткіш импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты дамытуға оң ықпал етіп отыр.
«Компанияның стратегиялық мақсаты – импортты азайтып, отандық өндірісті дамыту. Осы мақсатта жүйелі түрде импортты алмастыру бағдарламасы жүзеге асып жатыр», – деді Дархан Сағындықов.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2019 жылдан бері жалпы құны 38 млрд теңгеден асатын оффтейк-келісімшарттар жасалған. Ал биылдың өзінде ғана 2 млрд теңге көлемінде келісімшарт бекітіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл жыл басынан бері отандық өндірушілермен жалпы құны 100 млрд теңгеден асатын жаңа келісімдерге қол қойылған.
Компания жергілікті кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейту, жаңа технологияларды меңгеру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында да қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын өндірістік нысандарға арнайы іссапарлар ұйымдастырылып, кәсіпорындарға ақпараттық және әдістемелік көмек беріледі.
«Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан бағдарлама аясында «Қазатомөнеркәсіп» Қазақстан машина жасаушылар одағымен де белсенді әріптестік орнатқан. Бұл ынтымақтастық өндірістік әлеуетті жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Импортты алмастыру бағдарламасы елімізде шығарылатын өнім көлемін көбейтіп қана қоймай, отандық кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруына, еңбек өнімділігінің өсуіне және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашып келеді.

Advertisements