Шымкент қаласының әкімі Әлем және Азия чемпиондарын қабылдады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті.
Мақтаныш пен шабытқа толы атмосфера аясында спортшылар алған әсерлерімен бөліссе, қала басшысы олардың тамаша жетістіктерінің бүкіл ел үшін маңызды екеніне тоқталды.
Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Бұл рекорд қазақстандық спорттың шежіресіне енеді.
Ағайынды Сабырхандарға арнайы алғыстар айтылды. Махмұд тұғырдың ең биік сатысына екінші рет көтерілсе, небәрі 19 жастағы інісі Төрехан тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, төл тарихта қалды.
Шаһар басшысы екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырханға автокөлік пен пәтер, әлем чемпионы Төрехан Сабырханға да автокөлік пен пәтер сыйға тартты. Қос боксшының жеке бапкеріне де пәтер кілті берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы 4–14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан Әлем чемпионаты өткен болатын. Қазақстан боксшылары әлем чемпионатына барлық 20 салмақ дәрежесінде қатысты. Шымкенттік Махмұд (55 кг) және Төрехан (70 кг) Сабырхан жеңімпаз атанды.
Шымкент спортында өзге де жетістіктер жетерлік. Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын алса, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған турнирде және үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион атанып, шеберлік көрсетті. Бұл спортшыларға да баспана сертификаты табыс етілді.
«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай нәтижелерге жетелейді. Спортшыларымыздың жетістіктері жастарды шабыттандырады және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтады», – деді қала әкімі.
Жиын соңында қала басшысы чемпиондарды құттықтап, бапкерлері мен тәлімгерлеріне алғысын білдіріп, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тіледі.












