
Нарықта өзіндік орны қалыптасып келе жатқан «Nappa» фирмасының аяқ киімдері тұтынушыларды сыртқы көрінісімен ғана емес, күнделікті киюге ыңғайлылығымен әрі беріктігімен де баурап алады.
«Nappa» зауытында өнімнің сапасына ерекше мән берілген. Мұнда күн сайын төрт мыңға жуық аяқ киім тігіледі. Шеберлер аяқ киімге қолданылатын терінің кесілуі үлкен рөл ойнайтынын айтады. Сондықтан, олар заманауи «Comeltz XL» станогын қолданады екен. Бұл технологиялық шешімдер әр тапсырыстың, ол мейлі шағын болсын, мейлі үлкен көлемде болсын сапасының мықты әрі сенімді болуын қамтамасыз етеді.
Әрине, фирма ең басты байлығы оның қолынан өнер тамған шеберлері. Олар әр бөлшекке жан салып, әр аяқ киімге ерекше сипат береді. Қол еңбегі мен технологияның үйлесімі аяқ киімнің ұзақ тұтынуға, ыңғайлы және сәнді болуына септігін тигізеді.
Орайы келгенде айта кетейік, «Nappa» зауыты бүгінгі таңда жоғары деңгейде дамыған өндіріс орны болса да, оның тарихы алыста, қарапайым бастамалардан бастау алады. Бұл кәсіпорын алғашында қаланың қақ ортасындағы кішкентай ғана тігін цехынан шыққан болатын. Сол кезде аяқ киім өндірісі үлкен көлемде жүргізілмей, шағын кәсіп ретінде қалыптасқан еді.
Уақыт өте келе кәсіптің әлеуетін арттыру және өндірісті кеңейту қажеттілігі туындады. Сол себепті өндіріс басшылары индустриалды аймақтан кең әрі ыңғайлы жер алып, онда үлкен ғимарат салуға бел буды. Бұл қадам кәсіпорынның ауқымын едәуір ұлғайтып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Жаңа ғимаратқа заманауи аппараттар мен техника әкелініп, өндірістік процестер автоматтандырылды. Нәтижесінде, «Nappa» зауыты көп көлемде сапалы аяқ киім өндіре бастады.
Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын тек қаланың ғана емес, аймақтың да маңызды индустриалды нысандарының біріне айналды. Өзінің тұрақты дамуы мен инновациялық тәсілдері арқылы «Nappa» зауыты нарықта сенімді орын алып, тұтынушылардың жоғары сеніміне ие болып отыр.

«Nappa» фирмасында аяқ киімдерге табиғи былғары қолданылады. Бұл материал пішінді жақсы ұстайды. Табиғи былғарының тағы бір артықшылығы артықшылығы оның беріктігі мен ұзақ қызмет етуінде. Сонымен қатар, өндірісте кейбір модельдерде аяқ киімді жеңілдету үшін және оған қосымша беріктік беру үшін заманауи синтетикалық материалдар қолданылады. Мұның бәрі — аяқ киімнің функционалдылығын арттыруға бағытталған.
«Nappa» фирмасында аяқ киімдердің ассортименті өте кең және көпқырлы. Айталық, классикалық ерлер аяқ киімін іздесеңіз бұл жерден сәнді туфли, дерби, оксфорды, лофер таба аласыз. Ал, әйелдерге арналған аяқ киімдердің ішінде сәнді өкшелі модельдерден бастап күнделікті ыңғайлы үлгілерге дейін бар. Спорттық және casual стильдегі аяқ киімдерге кроссовкалар, мокасиндер мен сникерлерді ұсынады. Одан бөлек, махси сияқты күнделікті киюге ыңғайлы әрі жеңіл аяқ киімдер мен медицина секілді арнайы сала мамандарына арналған аяқ киімдердің үлкен ассартименті шығарылуда. Былайша айтқанда аталмыш кәсіпорны жеке тұтынушылардан бастап ірі көтерме сауда серіктестеріне дейін әр түрлі тапсырыстарды қабылдай алады.«Nappa» фирмасының басты ұраны – аяқ киімді тек сән үшін ғана емес, оны күнделікті киюге сенімді әрі ыңғайлы ету. Сондықтан, мұндағылар сатып алушының әр қадамын сенімді әрі жайлы етуге тырысады. «Әрбір жұп аяқ киім — бұл сенім, стиль және ұзаққа арналған серік болуы керек», — дейді зауыттың үйлестірушісі Ялкын Исабаев.
«Nappa» фирмасының мақсаты – ассортиментті кеңейту, экологиялық таза материалдар мен технологияларды енгізу, халықаралық нарыққа шығу. Қазіргі таңда осы мақсатта дизайнерлермен ынтымақтастық орнатып, арнайы, шектеулі серияларды шығару идеясы да қарастырылып отыр.
Диля Дулат












