
Қағаз майлық шығару – қарапайым көрінгенімен, үлкен табыс пен тұрақтылыққа кепілі бола алатын ерекше кәсіптердің бірі.
Шымкентте қағаз майлық шығаратын кәсіпорынның іске қосылғанына көп бола қоймаса да, оның өндіріс көлемінің күннен-күнге ұлғаюы көңіл қуантады. Кәсіпкер бізбенен әңгімесінде: «Қағаз майлық кеңінен қолданылатынына көз жеткеннен кейін осы кәсіпке бет бұрдым», – деді Асылбек Туртаев.
Бұл бизнес басқаларға ұқсамайды. Өнімнің ерекше қасиеті – ол шірімейді, уақыты өтіп кетпейді, тозбайды және тот баспайды. Сондықтан мұнда шығын аз, ал өнімнің өтпей қалуы туралы қорқыныш та кем. Кәсіпкер «мен осы кәсіпті дұрыс деп шешіп, іске кірістім» дейді. Әрине, кәсіптің бастапқы кезеңінде қиындықтар жетерлік болды. Құрылғыларды таңдау, орнату және олармен жұмыс істеу өз алдына үлкен сабақ болды. Қазір кәсіпкер өзі де осы зауытта технолог болып та жұмыс істейді, қасында төрт жұмысшы бар. Алайда, жұмысшы табу және оларды үйрету оңайға соққан жоқ. «Зауыт жұмысы аяғынан тұрып кеткенше біраз тер төгу керек. Еш нәрсе аспаннан түсе салмайды. Сондықтан бәріне шыдауға тура келді», – деп еске алады Асылбек Туртаев.
Шикізаттар Өзбекстан мен Ресейден алынады, жыл сайын мұнда 3-4 тонна қағаз майлық өндіріледі. Дайын өнім супермаркеттер мен түрлі дүкендерге жеткізіледі. Қағаз майлықтың екі түрі шығарылады: біріншісі – супермаркеттерге арналған, екіншісі – мейрамханаларда қолданылатын майлықтар. Осы ерекшелік кәсіпорынның нарықта өз орнын табуына мүмкіндік беріп отыр.
Кәсіпкердің негізгі мамандығы – математик. Бизнеске келгеннен кейін ол өз ісінің қыр-сырын терең меңгеріп, өнімнің сапасы мен сыртқы көрінісіне ерекше мән беріп отыр. «Біз бірінші кезекте тауардың сыртқы пакетіне мән береміз, өйткені тұтынушы алдымен оның сыртқы көрінісіне көз тастайды. Ал сапасына ішін ашқаннан кейін мән береді. Сондықтан мұнда сапамен бірге оның сыртқы пакетінің өзіне де ерекше көңіл бөлеміз», – дейді кәсіпкер.
Қағаз майлық өндірудің бұл ерекше бизнесі тұрақтылық пен табыс кепілі ғана емес, сонымен қатар еңбек пен төзімділіктің, жаңашылдық пен табандылықтың жемісі екені анық. Әр қиындыққа төтеп беріп, өз ісінің маманына айналған кәсіпкердің еңбегі бүгінде өнімінің сапасында, тұтынушылардың сұранысында көрініс тауып отыр. Осындай қарапайым, бірақ қажетті өнімді шығару арқылы кәсіпкер еліміздің нарығында өз орнын тауып, алға қойған мақсатына сенімді қадамдармен жетуде.
А.Ермекқызы












