
Шымкент қаласындағы «Star Wood» жиһаз фабрикасы еліміздің жиһаз өнеркәсібіндегі үздік кәсіпорындардың бірі ретінде өзін танытып келе жатыр. 2016 жылы “Тассай” индустриалды аймағынан жер алумен басталған бұл жоба, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде 2018 жылдың мамыр айында өзінің алғашқы өндірістік қызметін бастады. Алғашқыда фабрика үстел мен орындықтар шығарумен айналысты. Уақыт өте келе өндіріс ауқымы кеңейіп, 2022 жылдан бастап жұмсақ жиһаз өндірісін де қолға алды.
Фабрикада қазір шамамен 25-30 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар айына 1800 дана орындық пен 250-300 дана үстел шығарады, әрі тапсырысқа сәйкес жұмсақ жиһаздың 7-8 түрін жасайды. Былай қарап тұрсаңыз, орындықтың 10 түрі, үстелдің 7 түрі – бұл фабриканың өнім ассортиментінің кеңдігі мен әртүрлі тұтынушылардың талаптарына икемделгенін көрсетеді. Алдағы уақытта өндіріс түрлерінің саны одан әрі көбейтіледі деген жоспар бар.
Ағаш шикізаттары Алматы мен Жамбыл облыстарынан жеткізіледі. «Star Wood» өндірісінде негізінен жаңғақ және қара ағаш түрлері пайдаланылады, бұл жиһаздардың сапасы мен беріктігін қамтамасыз етеді. Мұнда қолданылатын материалдардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, өндірістік процестердің заманауи деңгейде жүргізілуі үшін станоктар Түркия мен Италиядан алдырылған. Бояулар да дәл осы елдерден жеткізіледі, бұл өнімнің сыртқы көрінісінің сәнді әрі ұзаққа төзімді болуына септігін тигізеді.
«Star Wood» жиһаз фабрикасы өндірген өнімдер Шымкент қаласындағы – 12, Алматы қаласындағы – 10 және Қызылордадағы – 2 дүкен арқылы тұтынушыларға жеткізіледі. Қазіргі таңда бұл дүкендер фабрика мен тапсырыс берушілер арасындағы сенімді дәнекер, олар арқылы жиһаздар үйге дейін жеткізіліп, орнатылады. Мұндай келісімшарттық жүйе тұтынушылардың ыңғайлылығын арттырып, қызмет көрсету сапасын жоғарылатады. Негізгі сатылым орны Шымкент қаласындағы зауыттың бірден-бір магазині болып табылады, бұл жерде өнімдер толық ассортиментімен ұсынылады.
Фабриканың меңгерушісі Шукуров Фарухтың айтуынша, елдің түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде фабрика өнімдерін Ресей мен Қырғызстан нарығына шығару жоспары жүзеге асырылуда. Болашақта «Star Wood» фабрикасы халықаралық нарыққа шығу жоспарын іске асырып, Қазақстанның жиһаз өнеркәсібіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетініне сенім мол.
Диля Дулат












