Шымкент: Маңызды мәселелер айтылды

Шымкентте Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Абайұлы мәдениет, көлік, әлеуметтік қолдау және қоғамдық тәртіп мәселелерін баяндады.
Ол өз сөзінде қала өміріндегі өзекті бағыттарды қамтып, алдағы жоспарларды таныстырды.
Алдымен әкім орынбасары қыркүйектің 26–27 күндері өтетін «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестиваліне тоқталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұл іс-шара «Қызғалдақ» сарайында өтеді. Фестиваль аясында мектеп оқушыларының өнер байқауы, дәстүрлі ән-күй, жыр-терме кеші ұйымдастырылмақ. Өнер кешіне Қазақстанның халық әртістері және өзге де белгілі өнер қайраткерлері қатысады және кіру тегін.
Қоғамдық көлік саласы да назардан тыс қалмады. Соңғы уақытта қала жолына тағы 30 жаңа автобус қосылды. Бұлар №150 және №146 бағыттарда қызмет көрсетеді. Елімізде құрастырылған Yutong маркалы автобустардың сыйымдылығы 85 адамға дейін жетеді, ұзындығы 10 метр. Бұл автобустарды Qaz Tehna компаниясы шығарған. Ал қызметті алғаш рет нарыққа кірген Bozjorga Bus ЖШС атқарып отыр. Сәрсен Абайұлының айтуынша, мұндай қадам бәсекелестікті арттырып, сапаны көтеруге ықпал етеді.
Әлеуметтік қолдау шаралары да атап өтілді. Қарттар күніне орай 70 жастан асқан зейнеткерлерге 3 АЕК мөлшерінде бір реттік көмек беріледі. 80 жастан асқан жалғызілікті қарияларға айына 2 АЕК көлемінде қосымша төлем төленеді. Бұдан бөлек, 70 жастан асқан барлық қариялар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен еңбек ардагерлері үшін баспасөзге жазылу шығындары өтеледі. Қалада бүгінде 99 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың ішінде 1 соғыс ардагері, 2 135 теңестірілген азамат және 1 482 тыл еңбеккері тіркелген. Сондай-ақ жыл сайын 7 мыңнан астам зейнеткер санаторийлік ем алуға жолдама иеленеді. Бұл мақсатта «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі жұмыс істеп, әр кезекте 120 адамды қабылдай алады.












