
Шымкент қаласында жолдардың сақталуы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауыр жүк көліктерін бақылайтын автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда.
Жобаға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, алғашқы үш станция биыл іске қосылды. Олар Шымкент –Сайрам және Шымкент–Қарамұрт бағыттарында орналасқан. 15 қазаннан бастап станциялар толық жұмыс істеп, шамадан тыс салмақпен жүрген көліктерге айыппұл салынады. 2026 жылға дейін қалада қосымша алты нүкте ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, Шымкент әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы салынады. Бұған дейінгі жолағы соңғы рет 2007 жылы жөнделген еді. Жаңа жолақ 3500 метр ұзындықта, ені 60 метр болып, ИКАО-ның ІІІ санатына сәйкес тұрғызылады. Заманауи жарық-сигналдық жүйемен жабдықталатын нысан ауа райы қолайсыз кезде де ұшақ қабылдауға мүмкіндік береді. Төзімділігі жоғары жаңа жолақ арқылы ауыр жүк ұшақтары мен ірі жолаушы лайнерлерін шектеусіз қабылдау мүмкін болады.
Бұл екі жоба да Шымкенттің транзиттік әлеуетін арттырып, қала экономикасына серпін бермек. Жаңа станциялар жолдардың ұзақ мерзімді сақталуына ықпал етсе, әуежайдағы инфрақұрылымдық жаңғыру өңірдің халықаралық байланысын күшейтеді.
Спикер Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын да айтты.
Биыл жыл басынан бері қала аумағында 304 шақырым жолға асфальт төселді. Оның ішінде Абай ауданында – 80,4 шақырым, Тұран ауданында – 60,7 шақырым, Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым, Қаратау ауданында – 78,5 шақырым, Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым. Бұл жұмыстар шалғайдағы елді мекендердің орталықпен байланысын нығайтып, тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге елеулі үлес қосуда. Жалпы ағымдағы жылы қаладағы жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, жаңа №8 автобус бағыты іске қосылды. Бұл бағыт Тоғыс тұрғын алабын қамтып, Мұнайбарлаушылар көшесінен бастап «Көл» аялдамасына дейін қатынайды. Жобаның алғашқы кезеңі пилоттық режимде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус қатынайды. Қозғалыс аралығы 28–45 минутты құрайды.
Жаңа бағыттың ашылуы Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыра түсті.












