
Шымкент – бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға бірден-бір қолайлы өңір. Мегаполисте жергілікті ғана емес, сонымен қатар, шетелдік инвесторлар да ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Қазіргі таңда 2025-2030 жылдар аралығында қала аумағында жүзеге асырылатын ірі жобалардың пулы жасақталып жатыр. Атап айтқанда, түркиялық AKSA ENERJI ÜRETIM A.Ş компаниясының бу-газ қондырғысының құрылысының жобасы, польшалық инвестордың Fabe-Agro ЖШС-нің заманауи жылыжай кешенінің құрылысы, отандық INTERTRANS C.A. ЖШС-нің алкилат және полипропилен өндіретін зауытының құрылысы, «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС-нің көпсалалы заманауи ауруханасының құрылысының жобасы, түркиялық Alsera KZ ЖШС-нің заманауи жылыжай кешенінің құрылысы жобасы бар. Сонымен бірге, қытайлық инвестордың Shaanxi Construction Kazakhstan Co., Ltd. ЖШС-нің қоқыс өңдеу кешені, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің қолданыстағы зауытын жаңғырту жобасы да әлеуетті жобалардың бірі.
2025-2030 жылдары өңдеу өнеркәсібі салаларында 3,6 триллион теңгеге 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны бар 143 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Аталған жобалардың 22-сі биыл іске қосылуы күтілуде. Бүгінгі таңда 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Олар – Sauran Bricks ЖШС-нің автоклавты газбетон өндіру зауыты, QazAlPack ЖШС-нің алюминий қаптамасын (ыдысын) шығаратын өндірісін жаңғырту, ZeineP ЖШС-нің бір реттік медициналық төсек-орын жабдықтары мен бұйымдарын өндіру, BIK Kanc ЖШС-нің А4, А3 форматтағы қағаз өндірісі, RaiMar ЖШС-нің құрылыс материалдарының өндірісі, Cleans Fabric ЖШС-нің ылғал майлықтар өндірісі.
Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында қолданыстағы 1276 гектар аумақтағы 5 өндірістік алаңға («Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, «Оңтүстік» индустриялық аймағы, «Тассай» индустриялық аймағы, «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағы, «Ордабасы» жекеше индустриялық аймағы) қосымша 438 гектар аумақта «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары қосылып, қалада жалпы 7 өндірістік алаң жұмыс істеуде. Одан бөлек, 1660 гектар аумақта Standard жекеше және «Темір» индустриялық аймақтарын құру, сонымен қатар, қолданыстағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 100 гектарға, «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағын 136 гектарға, «Жұлдыз» индустриялық аймағын 155 гектарға қосымша кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдау және сүйемелдеу мақсатында Shymkent Invest – Front Office қызметі 2025 жылдан бастап қайта жанданып, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет атқарып жатыр. Фронт-офистің негізгі міндеттері – қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша аналитикалық зерттеулер жүргізу, В2В, G2B кездесулерін ұйымдастыру, қаланың қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, оның ішінде инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру, инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды сүйемелдеу.












