
Шымкент қаласында садақ атудан Қазақстан Республикасының кубогі аясындағы финалдық кезеңі басталды. Сайыс Шымкенттегі арнайы садақ ату спорт кешенінде ұйымдастырылып, елдің әр түкпірінен келген үздік спортшылар бақ сынауда. Жарысқа еліміздің 8 өңірінен іріктелген 64 спортшы қатысып отыр. Мергендер 50 және 70 метр қашықтықтан оқ атып, бақ сынап жатыр.
Бүгін турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Мақсат Орынбаев пен ҚР Ұлттық садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Темірбеков қатысты. Қонақтар өз сөздерінде бұл спорт түрінің елімізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
“Жарыстың ерекшелігі – ҚР кубогының үш кезеңі өткізіледі, және сол нәтижелер бойынша 8 үздік спортшы финалға шақырылады. Біз рейтинг жасаймыз, соның негізінде спортшылар келеді. Бұл жолы финалда үздіктер жеке-жеке сайысып, төрт спортшы іріктеліп, соңында бірінші және екінші орынға таласады”,-деді Ұлттық садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Теміржан.
Айта кетейік, 2025 жылғы маусымның алғашқы үш кезеңі Шымкент, Талдықорған және Орал қалаларында өткізілген болатын. Әр кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар финалдық кезеңге жолдама алды. Шешуші сын тағы да Шымкент қаласына сеніп тапсырылды. Аталған кезеңге Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Алматы, Ақмола, Жетісу, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан келген командалар қатысып жатыр.
Финалдық кезеңнің басты ерекшелігі – осы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрама командасы жасақталатын болады. Құрама сапына енген спортшылар Бангладештің Дакка қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. ҚР Ұлттық садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Құнанбайұлының айтуынша, аталмыш чемпионат қараша айының 8-15-і аралығына жоспарланған.












