Шымкентте Грузин этномәдени орталығының фестивалі өтті

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Грузин этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне арналған «Бірлікте – күшіміз!» атты халықтар достығы фестивалі өтті.
Бұл шара ел ішіндегі достық пен келісімнің, бейбітшілік пен татулықтың шынайы мерекесі болды.
Фестиваль Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Ассамблея эмблемасы бейнеленген бейнероликпен ашылып, Әнұран орындалды. Грузин этномәдени орталығының төрағасы Заал Бочоришвили қатысушыларды ұлттық мерекелермен құттықтады.
– Біздің көпұлтты қоғамымыздың басты байлығы – бірлік. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы татулықтың темірқазығы болып отыр. Әр этнос өз мәдениетін сақтай отырып, ортақ мақсатқа қызмет етуде. Бұл – біздің елдің ең үлкен жетістігі, – деді ол.
Мерекеге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
– Ассамблея – бейбітшілік пен келісімнің алтын діңгегі. Осындай шаралар арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, ел бірлігін нығайта түсеміз, – деді Н.Әлімқұлов.
Сахнада түрлі этнос өкілдері ән мен би арқылы өз халқының мәдениетін таныстырды. Көрермендер қазақтың «Көзімнің қарасы» мен «Дала тынысы» туындыларын, грузин, татар және өзбек халықтарының ұлттық өнерін ерекше ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ Нико Пиросманишвили мен Булат Окуджава шығармашылығына арналған музыкалық композициялар орындалып, көпұлтты Қазақстанның мәдени байлығын айшықтады.
Фестиваль соңында барлық қатысушылар сахнаға шығып, «Жерім менің» әнін бірге орындады. Бұл сәт ел бірлігінің көрінісіндей әсер қалдырды.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алаңында Республика күніне арналған спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мақсат — ел бірлігін, патриоттық рух пен салауатты өмір салтын насихаттау.












