Шымкент әкімі өндіріс және инфрақұрылым нысандарын аралады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент әкімі өндіріс және инфрақұрылым нысандарын аралады

23

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданында өндіріс және инфрақұрылым нысандарын аралап, жұмыс барысын бағалады.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына тапсырылған арнайы тексеру барысында әкім «MK.Kazyna» ЖШС кәсіпорнында өндіріс көлемін ұлғайту және процесті автоматтандыру жоспарларын қарады. Кәсіпорын жыл сайын шамамен 250 мың өнім шығарады. Мұнда өнімнің 67 түрін шығарылады. «RASUS» зат таңбасымен танылған сабындар, кір жууға арналған сұйықтықтар мен тазалыққа қажетті құралдарды шымкенттіктер ғана емес, бүкіл қазақстандықтар да күнделікті қоладанып жүр. Кәсіп иесі Марина Кадирова қызметін кеңейту үшін арнайы экономикалық аймақтан немесе шағын өнеркәсіп аймақтарынан жер телімін бөлу мүмкіндігі туса, тиімді пайдаланамын дейді.

Қала басшысы сондай-ақ жол-көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларды тексерді. «Асар-2» шағынауданындағы көшелерді асфальттау, А-2 айналма жолының V кезеңінің реконструкциясы және Қонаев даңғылының V кезеңіндегі құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйымдарға сапа мен қауіпсіздікті сақтай отырып, жұмыстарды уақытында аяқтау тапсырылды.

Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданындағы «Тәуелсіздік» саябағында орнатылған балалар ойын алаңшасы мен спорттық жаттығу құралдарының жай-күйі қаралды. Қалдаяқов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу және абаттандыру жұмыстары тексеріліп, іргелес аумақтың жағдайы бағаланды.

Ғабит Сыздықбеков «Қазақтелеком» АҚ қалалық филиалының ғимаратында телекоммуникация желілерін басқару қызметімен танысып, цифрландыру, желілерді жаңғырту және жаңа байланыс технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.

Advertisements