
Қазіргі уақытта Шымкент қаласында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың көбеюіне байланысты медициналық мекемелердің жұмысы күшейтілген режимде жүргізілуде. Қала тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті 60 емхана көрсетеді, оның ішінде 14-і мемлекеттік, 46-сы жекеменшік ұйымдар.
Эпидемиологиялық ахуалдың күрт өзгеруіне орай науқастардың ауруханаларға түсу көрсеткіші артқан. Тәулік бойы инфекциялық көмек көрсететін «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында» қазіргі таңда 411 науқас ем қабылдап жатыр, оның 307-сі – балалар (оның ішінде 1 жасқа дейінгі 111 бала). Эпиджағдайдың ушығуына байланысты ауруханада балаларға арналған төсек-орын саны 300-ге дейін көбейтіліп, жалпы төсек қоры 380-ге жеткізілді.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, ол 2025 жылғы 28 қарашада аяқталмақ. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылданды: дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерге арналған бөлмелер палаталарға айналдырылып, қосымша төсек-орын ашылды; емханаларда «үй жағдайындағы стационар» ұйымдастырылды; жедел жәрдем қызметі бойынша сұрыптау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, аурухана басшылығының бақылауымен түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу мақсатында барлық медициналық ұйымдарға арнайы жадынама таратылды. Сондай-ақ, қосымша стационарлық орындар ашылды: Қалалық балалар ауруханасында – 20, «№14 емдеу орталығында» – 40 төсек. Дәрігерлер мен мейірбикелердің қосымша кезекшілігі ұйымдастырылып, дәрі-дәрмек қоры толық қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда «Гриппол» вакцинасымен иммундау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен 150 мың вакцина сатып алынған. 22 қазанға дейін 95 578 адам егілді, олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 21 970 бала, 5 323 жүкті әйел және 10 302 медицина қызметкері бар.
Денсаулық сақтау басқармасы қала тұрғындарын тек тұмауға ғана емес, басқа да жұқпалы ауруларға – қызылша, вирусты гепатит және т.б. инфекцияларға қарсы жоспарлы вакцинациядан уақытылы өтуге шақырады. Бұл иммунитетті нығайтып қана қоймай, ауру салдарынан болатын асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қаладағы жоспарлы вакцинациямен қамту деңгейі 97,1%-ды құрап отыр.
Сонымен қатар, тұрғындарға көміртегі тотығы мен табиғи газдан улану қаупі жоғары маусымда қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығы ескертіледі. Мұндай жағдайда медициналық көмек «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы» 25 төсек-орындық токсикологиялық бөлімшеде көрсетіледі. Биылғы жылдың басынан бері осындай уланудың 304 жағдайы тіркелген, бұл өткен жылдармен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
Ауа райының күрт суытуына байланысты травматологиялық жағдайлар да жиілейді. Осы ретте қалада ересектерге және балаларға арналған травматологиялық көмек №1 және №2 қалалық ауруханаларында, Қалалық клиникалық балалар ауруханасында, «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында», сондай-ақ «Хадиша» клиникасы мен «Амбулаториялық хирургия, травматология және оңалту орталығында» көрсетіледі.
Бұған қоса, соңғы уақытта кейбір жекеменшік медициналық ұйымдарда жалақы төлеу мәселесіне қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген шағымдарға байланысты тиісті тексеру жүргізілді. «Асем Медикал», «№14 емдеу орталығы», «Алтын Тұмар», «Омарали» және «Ақболат» мекемелерінің қызметкерлеріне жалақы толық төленді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы мәселе өзекті емес.
Шымкент қаласы әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындардың денсаулығын қорғау және эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы барлық шараларды тұрақты бақылауда ұстап отыр.












