Шымкенттің медициналық кадрлары халықаралық деңгейде біліктіліктерін арттыруда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттің медициналық кадрлары халықаралық деңгейде біліктіліктерін арттыруда

27

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек айтты.

Шымкент қаласында медицина саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және тәжірибесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи оқу-әдістемелік, симуляциялық және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген жетекші шетелдік клиникалар мен оқу орталықтарында ұйымдастырылатын біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне жоғары білікті мамандардың тұрақты келуін қамтамасыз етуде.
2023 жылы бұл мақсатқа 183,1 млн теңге қаржы бөлініп, 48 дәрігер қайта даярлаудан өтті. Оның ішінде Израильде – 16, Түркия Республикасында – 32 маман оқыды. 2024 жылы оқытуға 201,9 млн теңге бағытталып, барлығы 165 дәрігер біліктілігін арттырды. Олардың қатарында Ресей Федерациясында тәжірибе жинаған 45 маман және Ресейден шақырылған тәлімгерлер өткізген шеберлік сабақтарына қатысқан 120 маман бар.
2025 жылы медициналық кадрлардың кәсіби даярлығын жетілдіруге 381,9 млн теңге қарастырылып, 374 маманды оқыту жоспарланған. Оның ішінде шетелдік тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Ресейде – 19, Беларусь Республикасында – 2, Литва Республикасында – 33 маман білім алады. Сонымен қатар, шетелдік тәлімгерлердің қатысуымен өтетін оқыту курстары арқылы Ресейден – 250, Беларусьтен – 40 және Литвадан – 30 маман жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөліседі.
Бұл шаралар медициналық кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи білім беру технологияларын денсаулық сақтау саласына енгізуге және Шымкент тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Спикер Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық аурухананың уролог-дәрігерлері алғаш рет несеп-тас ауруына шалдыққан науқасқа перкутандық лазерлік нефролитотрипсия отасын сәтті орындағанын да айтты. 1989 жылы туған науқас ұзақ уақыт бойы несеп-тас ауруымен есепте тұрған және бұған дейін бірнеше рет әртүрлі оталар жасалғанымен, асқынулар пайда болған.
Бұл жолы мамандар заманауи минималды инвазивті әдіс — перкутандық нефролитотрипсияны (PNLT) қолданды. Ота кезінде бүйрек тасы тері арқылы небары 1 сантиметрлік тілік арқылы алынып, лазерлік және эндоскопиялық технологияның көмегімен толықтай жойылды.
Мұндай операция түрі бүгінде несеп-тас ауруын емдеудің «алтын стандарты» саналады. Оның басты артықшылықтары — жарақаттың аз болуы, оңалту мерзімінің қысқалығы және жоғары тиімділік. Науқас отадан кейінгі келесі күні өздігінен жүріп-тұра алған.
№1 қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет жасалған бұл күрделі ота Шымкенттің урологиялық қызметінің жаңа деңгейге көтерілгенін және медициналық көмектің сапасы артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Айтпақшы, Металлистов көшесі №1Б мекенжайында орналасқан №1 қалалық клиникалық аурухана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайды.
Аталған медициналық нысан 1971 жылы салынған. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 26 674 шаршы метрді қамтитын аурухана 530 төсек-орынға арналған. Күрделі жөндеу жұмыстары аурухананың инфрақұрылымын толық жаңғыртуға, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және пациенттер мен медицина қызметкерлеріне заманауи, жайлы әрі санитарлық талаптарға сай жағдай жасауға бағытталған.
Бұл бастама қаланың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет ұсынуға елеулі үлес қосады.

Advertisements