Шымкентте халықаралық қыш өнері симпозиумы өтіп жатыр - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте халықаралық қыш өнері симпозиумы өтіп жатыр

23

Бүгін Шымкент қаласында оқушылар мен жастарды ұлттық өнерге баулу мақсатында ерекше шығармашылық іс-шара өтті. Білім беру мекемелерінің оқушылары Бейсбековтер әулетінің отбасылық «Алтын-Орда» көркемсурет галереясына арнайы экскурсия жасап, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған қыш өнері симпозиумының жұмысымен танысты.

Бұл ауқымды іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен келген кәсіби қолөнершілер мен керамика шеберлері қатысып жатыр. Фестивальдің басты мақсаты дәстүрлі саз балшық өнерін жаңғырту, тәжірибе алмасу және жас буынды ұлттық өнерге баулу болып отыр.
Ал іс-шараның құрметті қонақтарының қатарында Түркияның әйгілі құмырашысы, әлемдік деңгейдегі керамика шебері Ахмет Ташхомжу бар. Ол келушілерге өз өнерін көрсетіп, шеберлік сабағын өткізді. Шебер 1936 жылы Түркияның Менемен қаласында дүниеге келген. Бүгінде ол сол өңірдегі «Менемен Қышшылар қауымдастығының» төрағасы екен. Ұстаздықпен айналысып жүрген шебердің айтуынша, қыш өнеріне деген қызығушылығы 46 жыл бұрын басталған.
«Мен өзім ахыска-түрік ұлтынанмын. Бабаларым кезінде осы өлкелерден Түркияға қоныс аударған екен. Сол себепті өзімді қазақ еліне жақын сезінемін. Шымкентке алғаш рет келіп отырмын, бірақ бұл жер маған бөтен емес, рухани туыстықты сеземін», дейді түрік шебері. Қазір ол әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Италия, Франция, Нидерланды, Бельгия секілді мемлекеттерде халықаралық фестивальдерге қатысып, қыш өнерін дәріптеп жүр. 2019 жылы Италияда, биыл Францияда өткен әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанған. «Мен үшін басты жетістік осы алған білімімді өзгелермен бөлісу. Білімнің шынайы құны оны өзгеге үйретуде жатыр. Сол себепті өз шеберханамда университет студенттерін қабылдап, тәжірибеммен бөлісемін. Түрлі елдерге барған сайын жастарға шеберлік сабақтарын өткіземін. Мәселен, жуырда Мәскеуде 42 шеберге сабақ беріп қайттым», – дейді ол. Шебердің айтуынша, Менемен қаласы – әлемдегі ең ірі қышшылар орталығының бірі. Мәселен былтыр осы қалада 41 елдің қатысуымен халықаралық қыш фестивалі өтіп, оған 70-тен астам танымал шебер жиналған.

Advertisements