Қалаға сән беріп тұрған орындықтардың өндірісі жайлы не білеміз? - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Қалаға сән беріп тұрған орындықтардың өндірісі жайлы не білеміз?

20

Біз орайы келгенде «Ахтас Урбаник» компаниясының цехына барып, мәрмәрдан әсем сәулеттік формалар жасайтын өндірістің жұмысымен танысып қайттық. Қалалық жайлылық неден тұрады десеңіз, жауабы биік ғимараттарда емес, адам күн сайын жанынан өтетін ұсақ детальдарда жатыр. Отырғың келетін орындық, ландшафтпен үйлескен қоқыс шелектері, скверді көркейтетін вазон немесе аулада тұрған үстел-теннис — мұның бәрі шағын сәулеттік формалар, яғни МАФ-тар. Олар көшенің ритмін жасап, парктің стилін қалыптастырады және кеңістікті адамға жайлы етеді.

Шымкентте орналасқан «Ахтас Урбаник» компаниясы бұл істі өнер деңгейіне жеткізген. Мұнда жасалатын ағаш-полимер композитімен қапталған орындықтар, вазондар, урналар мен декоративті элементтер Алматы, Ақтөбе, Астана, Тараз, Қызылорда және басқа да өңірлерге жөнелтіледі. Бұл жай ғана әдемі бұйымдар емес, материалдың сапасынан бастап, форманың қатаң дәлдігіне және ұзақмерзімділігіне дейін ойластырылған инженерлік шешімдер. Өнімнің негізі — темір қаңқалы композиттік мәрмәр, ал үстіне берік декоративті жабын жағылады. Мұндай өнім күнге оңбайды, суықта жарылмайды, күтім талғамайды және ондаған жыл қызмет етеді.
Цехтағы мамандар бізге орындықтың қалай жасалатынын көрсетті. Әуелі сызба түсіріліп, одан үлгі дайындалады. Сосын қалып құйылып, қоспасы әзірленеді. Беті тегістеліп, декоративті материал жағылады. Мамандардың айтуынша, 15 мм радиусқа дейінгі кез келген геометрияны жасауға болады — төртбұрыш та, шеңбер де, дизайнер не қаласа, соның бәрін орындауға дайын. Шикізат Қазақстаннан бөлек Иран мен Ауғанстаннан жеткізіледі. Жоғары сапалы акцемент қолданылатынын айтады. Шынын айтқанда, құм, цемент пен мәрмәр үгіндісінен мұндай әсем әрі сапалы орындық шығады дегенге сену қиын, бірақ финалдық өнімді көргенде оның қалаға қаншалықты сән беріп тұрғанына көз жеткізесің.
Орындықты тек берік емес, ыңғайлы ету үшін отырғыш пен арқалыққа ДПК — ағаш-полимер композиті орнатылады. Ол табиғи ағаштың жылулығын, пластиктің беріктігін біріктіреді. Күнге оңбайды, суықта жарылмайды, күтімді қажет етпейді. Компания тапсырыстарды көбіне ұйымдардан қабылдайды. Олардың бірі 2–3 дана алса, екіншісі жүздеген бұйымға тапсырыс береді. Композиттік орындықтардың салмағы 250–300 килограмм. Бұл ауырлық артықшылық саналады, яғни антивандалдық қасиет береді. Мысалы, Қызылордадағы стадионда 10 мың адам отыратын компания орындықтары қойылған, әрі олар сынбайды, қозғалмайды. Астана, Ақтау, Атыраудан да көп тапсырыс келеді. Ақтаудан түскен ауқымды тапсырысты компания жуырда аяқтапты.
«Ахтас Урбаник» екі жыл бұрын құрылған. Осы қысқа мерзім ішінде компания Қазақстанның барлық аймағына өнім жеткізіп үлгерген. Мамандардың айтуынша, олардың басты миссиясы – Қазақстанда сапалы, эстетикалық және ұзақмерзімді қалалық кеңістік қалыптастыру. Бұл мақсатта олар Бішкек, АҚШ және өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, ең тиімді тәсілдерді жергілікті өндірісте қолдануда.
МАФ — жай скамейка немесе урна емес, қаланың визуалды коды мен мәдениетін айқындайтын маңызды элемент. Осындай өнім шығаратын отандық өндірістер еліміздің дамып келе жатқан урбанистика саласының мақтанышы десек болады.

Advertisements