
Шымкенттің өндірістік аймағына кіргеннен бізге бірден қалыпқа құйылып жатқан цемент иісі сезілді.
Мұндағы желімді машина гүрілі, вибропресс дыбысы, қызу жұмыстың жүріп жатқанын бірден аңғартты. Бұл – өңірдегі термопанель өндірісінде көш бастап тұрған «Декор Қазақстан» компаниясының цехы. Біз орайы келгенде өндіріс орнына келіп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көзімізбен көріп, мамандармен тілдесіп қайтқан едік.
Тәжірибелі технологтардың айтуынша, Шымкентте әр екінші коттедж дәл осы термопанельдермен қапталады. Сұраныстың көптігі цехтағы қарбаластан да байқалады. Жұмысшылар бір жақта цемент-құм қоспасын дайындап жатса, екінші жақта панельдерге жылуоқшаулағыш материал орнатылуда.
— Термопанель — әрі жылу береді, әрі үйдің сәнін келтіреді. Негізгі шикізат — цемент пен құм. Оны формаға құйып, вибропресте нығыздаймыз. Сосын пенополистирол немесе минералды мақтамен біріктіреміз. Ал, сыртқы бетіндегі фактураны тас, кірпіш немесе мәрмәр ретінде өзіміз жасап шығарамыз, — дейді өндіріс шеберлерінің бірі.
Цехтың келесі бөлігінде біткен панельдер арнайы үлкен пешке қатар-қатар салынып жатыр. Пештің есігі ашылғанда ыстық леп бетке ұрып, мұндағы процестің қаншалықты технологиялық екенін сезінесің. Кептірілгеннен кейін панельдер қатты, беріктігі жоғары және жеңіл болып шығады. Дайын өнімді қасбетке тікелей орнатуға болады.
Компания технологтары термопанельдің тарихымен де бөлісіп:
— Бұл материалдың идеясы Еуропада 70-жылдары туған. Энергетикалық дағдарыс кезінде үйлерді арзан әрі тиімді жылыту керек болды. Ал, біз Қазақстанда бұл технологияны 2010 жылдардан кейін кең қолдана бастадық. Әсіресе біздің оңтүстікте термопанель жай тренд емес, стандартқа айналды, — деді олар.
Міне, осылайша жергілікті шеберлер Еуропа технологиясын қазақ климатында бейімдеп, өз өндірісін дамытуға күш салып жатыр. Цехтағы бояу және әрлеу аймағына барғанда, травертинге ұқсас ақшыл қоспасы бар үлкен шелектер көзге түсті.
— Біз түсті бояуларды қолданбаймыз. Фибробетон, пенопласт және табиғи тас қоспасын пайдаланамыз. Төрт жыл бойы формуланы жетілдірдік. Қазір травертин, цемент және арнайы пигмент қосылып жасалатын табиғи қоспа негізінде жұмыс істейміз.
Мен қолыма жаңа дайындалған қоспаны ұстап көрдім — тығыз, бірақ жеңіл.
— Бұл бояуға арналған ба? — деп сұрадық.
— Иә, бұл — травертин пастасы. Біздің мамандар оны грунттап, бояуға енгізеді. Осылай партияның сапасы біркелкі болады.
Оқырмандардың назарын мына бір дүниеге де аударғымыз келеді. Компанияда тек өндіріс қана емес, оқыту бағыты да дамыған.
— Клиенттеріміздің 90 пайызы — жеке құрылысшылар. Сонымен бірге біз оқу орталықтарында, университеттерде, мектептерде семинарлар өткіземіз. Мақсат — адамдарға дұрыс әрі сапалы қаптама жасауды үйрету, — дейді бөлім басшысының бірі.
Мұндағы сұраныс көлемі де көңіл қуантады. Айталық, қазір өндіріс цехы айына 10 000 шаршы метр термопанель сатуды жоспарлап отыр. Әдетте мұндай өнімге маусым уақытында сұраныс жоғарылайды ғой. Бірақ мамандар қараша айында да осы деңгейден түспейміз дейді.
«Декор Қазақстан» цехынан бұл бизнестің тек құрылыс материалы ғана емес, аймақ экономикасына серпін беретін өндіріс орны болатынын сезініп қайттық.












