Шымкенттік палуан – халықаралық сурдлимпиадада топ жарды

Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында шымкенттік спортшылар ерекше нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Шымкенттік Шадияр Пернеш барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Сурдлимпиаданың алтын медалін еншіледі.
65 келі салмақ дәрежесінде күрескен Шадияр жарысты аса сенімді өткізді. Ол барлық қарсыластарынан айқын басым түсіп, финалда ирандық спортшыдан да айласын асыра білді.
86 келі салмақта күрескен Сабыржан Рсалы жартылай финалда Украина палуанына есе жіберіп алдыда, ал, қола жүлдеге таласта грекиялық Николас Иосифидисті қапы қалдырып, қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан командасының еркін күрестен қазіргі көрсеткіші — 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль. Оның ішінде шымкенттік палуандар ел қоржынына 1 алтын және 1 қола медаль салды.
Бұл жетістіктер – Шымкент спорт мектептерінің жүйелі дайындығы мен бапкерлердің кәсіби еңбегінің, сондай-ақ спортшылардың ерік-жігері мен табандылығының айқын көрінісі.
Айта кетейік, Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында өтуде. Байрақты додаға 80 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен бақ сынап жатыр.
Екі балуан да Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің шәкірттері. Жазғы Сурдлимпиада ойындарында тарихты жазып жатқан қос балуанның орны ерек. Шымкент қаласынан алғашқы Сурдлимпиада жүлдегері атанған да осы жерлестеріміз еді. Араға үш жыл салып, Шадияр Пернеш алтын жүлдемен тарихқа атын жазды.
Айта кетсек, Сурдлимпиада – есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсеке. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен қатысып (грек-рим күресі, еркін күрес, суда жүзу, таэквондо, дзюдо, үстел теннисі, жеңіл атлетика және бадминтон), отандастарымыз жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрінді.












