Шымкент: Көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары қарқын алған - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары қарқын алған

11

Шымкент – елдің мегаполисі, экономикалық және демографиялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан қала. Халық санының өсуі, автокөліктердің көбеюі және жаңа шағынаудандардың кеңеюі жол инфрақұрылымын заманауи әрі сапалы деңгейде дамыту қажеттілігін арттырып отыр. Соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі және кезең-кезеңімен жұмыс жүргізіліп, жол саласы мегаполис дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналды.

Шымкент қаласында биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қаладағы жалпы жол 3 847 шақырымды құраса, оның 3 567 шақырымына асфальт-бетон жамылғы төселген.

Қазір жалпы ұзындығы 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралін қайта құру, көлік қозғалысын жеңілдету үшін Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр-Абылайхан көшелері бағыттарындағы балама жолдарды қосу жұмыстары бар. Сонымен бірге Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдері салынуда.

Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағынаудандарын қосатын жол және Қызылсай шағынауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді.
Қазан айында әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы басталды. Бәйдібек би Төлеметов көшелері қиылысындағы жол айрық жобасы мемлекеттік сатып алу рәсімінде.
Биыл, сонымен қатар, 201 шақырымды құрайтын 323 көшені орташа жөндеу аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам және шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздік мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, 3 шақырым дыбысты жолақ сызылды, 80 шақырым тротуар салынды.

Жыл соңына дейін 2 291 көшенің барлығы толық жарықтандырылмақ. Сондай-ақ, 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылды. Атқарылған жұмыстар Шымкенттің заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.

Advertisements