Шымкент спортшылары әлем біріншілігінде қос жүлдеге қол жеткізді

Шымкент қаласының екі жас спортшысы халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды.
Швейцарияның Айроло қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Асан Асылхан топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Спортшы жекелей сында жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, финалда 103.35 ұпай жинады.
Сонымен қатар, тағы бір жерлесіміз Дінмұхаммед Райымқұлов осы бағдарламадағы тартысты бәсекеде 92.82 ұпай еншілеп, күміс жүлдеге ие болды. Қола медаль 92.00 ұпай жинаған беларусь спортшысы Владислав Вазнюкке бұйырды.
Аталған жетістіктер отандық фристайл-акробатика мектебінің жасөспірімдер деңгейінде әлемдік аренадағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.












