Шымкент бірқатар өнім өндіруден республикада алдыңғы қатарда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент бірқатар өнім өндіруден республикада алдыңғы қатарда

74

Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты түрде дамып келеді. Бұған қалаға тартылған инвестиция көлемінің артуы мен өнеркәсіп саласындағы тың әрі серпінді жобалар ықпал етіп отыр. Өткен жыл жалпы өңірлік ішкі өнім көлемі 4,4 триллион теңгеден асып, 2023 жылғымен салыстырғанда 7,7 пайызға артты.

Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 2025 жылдың қаңтар-маусымында
679,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі 15,9%-ға артты. Өсім республикалық көрсеткіштен (РК – 106,5%) жоғары болып қалыптасып, өңірлер арасында 2 орында.

Өнеркәсіп саласында үлесі 88,7% құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 603,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс индексі 117,9% құрады. Өсім республикалық көрсеткіштен  (РК – 105,5%) жоғары болып қалыптасып, өңірлер арасында 3 орында.

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсу динамикасы қалыптасқан: жиһаз өндіруде – 2,2 есеге, машина жасауда – 2,2 есеге, химия өнеркәсібінде –  2,3 есеге, дайын металл бұйымдарын өндіруде – 78,9%-ға,  резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде – 36,4%-ға, мұнай өнімдерін қайта өңдеу – 26,5%-ға, сусындар өндірісі – 46,9%-ға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндіруде – 22,6%-ға, металлургияда – 18,4%-ға, тамақ өнімдерін өндіруде – 23,2%-ға артқан.

Шымкент қаласы бірқатар өнім өндіруден республикада алдыңғы қатарда. Республикада өндірілетін мақта майының 97 пайызы, мақта маталарының – 91 пайызы, дәрілік заттардың – 36 пайызы, шыны ыдыстардың – 35 пайызы, цемент клинкерлерінің – 30 пайызы, мотор отынының – 38 пайызы, тазартылған күнбағыс майының – 38 пайызы, өңделген шай мен кофенің – 34 пайызы, минералды тыңайтқыштардың – 23 пайызы, портландцементтің – 24 пайызы Шымкент қаласына тиесілі.

Бүгінде қаланың өнеркәсіп секторын орнықты дамыту үшін жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, жуырда қалада тағы да үш өндіріс орны жұмысын бастады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «BIK Kanc» ЖШС А4, А3 форматтағы қағаз өндірісі, ЖК «ZeineP» дезинфекциялық құралдар өнідірісі және «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Sauran Bricks» ЖШС автоклавты газды бетон өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. А4, А3 форматтағы қағаз өндірісінің құны 500 млн теңге, жылына 3,5 млн қағаз қаптамасын өндіреді. Жоба аясында 35 жұмыс орны құрылады. Ал, жылына 10 мың тонна дайын өнім шығаратын «ZeineP» кәсіпорнында 80 адам жұмыс істейді. Өнімдерді ішкі нарыққа сату, ТМД елдеріне экспорттау жоспарлануда.

«Sauran Bricks» ЖШС автоклавты газды бетон өндірісі инвестициялық жобасы Оңтүстік өңірін сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Зауыттың жалпы инвестициялық құны 7,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыт толық қуаттылықпен іске қосылғаннан кейін үш ауысымда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың м³, (күніне 555 м³ немесе айына 16 500 м³) өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 5,2 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қытайлық KEDA компаниясының заманауи, автоматтандырылған технологияларына негізделген құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл өнімділікті арттырып, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асуы құрылыс индустриясының дамуына, импортты алмастыруға, сапалы және қолжетімді құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге, өңірлік экономиканың жандануына елеулі үлес қосады.

 

Advertisements