Шымкенттегі шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру жобасы қарқынды іске асуда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттегі шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру жобасы қарқынды іске асуда

60

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында республикамыз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құруға бейімделуі керектігін тапсырған еді. Осындай мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар Шымкент қаласында да атқарылуда.

Шымкент қаласы соңғы жылдары индустриалды серпінге ие болып, экономиканың әр саласында ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Солардың бірі – шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту. Бұл бастама кәсіпкерлік әлеуетті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қаланың салық базасын кеңейтуге зор үлес қосуда.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда мегаполисте шағын өнеркәсіптік аймақтарды салу бағдарламасы аясында жалпы құны 22,7 млрд теңге болатын үш жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларға Өңірлік даму қоры (ӨДҚ) арқылы 16,4 млрд теңге, ал жеке инвесторлар тарапынан 6,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Құрылыс аумағы 76,1 мың шаршы метрді құрайды.
Іске асып жатқан жобалардың қатарында:«Orda NS Building» ЖШС,«Standard Steel KZ» ЖШС,«Энерготранс-3» ЖШС бар.
2025 жылдың екінші жартысында шағын өнеркәсіптік аймақтардың бірінші кезеңі толық аяқталып, 44,8 мың шаршы метр аумақта жаңа өндіріс орындары пайдалануға берілмек. Жоба аясында 150-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар, 1 млрд теңге көлемінде салық түсімі болжануда.
Қаланың экономикалық өзегі саналатын сауда саласында да айтарлықтар сандар өзгерісі байқалады. Осы жылдың алты айында бөлшек сауда көлемі 539,3 млрд теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,7% өсімді көрсетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 194,3 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
Мұндай нәтижеге жетудің басты тетіктерінің бірі – жаңа сауда инфрақұрылымдарын құру. Атап айтқанда:
– 8 жаңа сауда-ойын-сауық орталығы,
– 11 сауда үйі,
– 10 сауда нүктесі (оның ішінде «GraMad» гипермаркеттері) және базарларды модернизациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Көтерме сауда да қарқынды дамып келеді – 937,4 млрд теңге немесе 124,5% өсім. Ал жалпы сауда айналымы 1 480,2 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш 120,7% деңгейге жетті.
Сала басшылары бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

 

 

Advertisements