Шымкентте “Абай әлемі” республикалық байқауының финалы өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте “Абай әлемі” республикалық байқауының финалы өтті

67

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді. Осы орайда Ұлы ақын, философ, ойшыл және реформатор Абай Құнанбайұлының туған күні елімізде ауқымды іс шаралар өтті. Бұл мерейтой тек ресми іс-шара ғана емес, ұлттық мәдениетке, рухани тамырға және қазақ зияткерлік дәстүріне терең бойлайтын маңызды күнге айналды.

Бұл күні Шымкент қаласында ақынның әдеби-рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Абай әлемі» республикалық байқауының қорытынды кеші өтті.

Байқаудың алғашқы кезеңі 1 маусым мен 15 шілде аралығында өтті. Биыл 18-35 жас аралығындағы 117 үміткер қатысып, оның 26-сы финалға жолдама алды. Қатысушылар еліміздің барлық өңірінен жиналды.

Салтанатты кеште финалистер Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқып, шығармашылығына арналған зерттеулерін ұсынды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Абай мұрасының жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі маңызын атап өтті.

Бас жүлдені 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжан жеңіп алып, 1 миллион теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Батыс Қазақстан облысынан келген Азат Мыңбаев бірінші орынды иеленіп, 700 мың теңгелік жүлдені алды.

«Абай әлемі» байқауы үшінші жыл қатарынан өтіп, жас дарындарды анықтау мен Абай шығармашылығын насихаттаудың маңызды алаңына айналды.
Министрліктің мәлімдеуінше, Абайдың 180 жылдығы – елдің рухани жаңғыруының терең көрінісі болды. Бұл күн ауылдан Елордаға дейінгі аралықта, оқушыдан ғалымға дейінгі әр азаматты ұлы ойшылдың мұрасымен қайта таныстырып, өзін-өзі тануға жетелейтін рухани белеске айналды.
Айта кетсек, 2024 жылы 16 маусымда Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы атап өтілген болатын.

Advertisements