
Шымкенттегі «Sagitex» фабрикасы текстиль саласына жаңа тыныс әкеліп, көпсалалы тігін өндірісін жоғары деңгейде жүзеге асыруда. «ONTUSTYK» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бұл заманауи фабрика 1500 шаршы метрлік кеңістікте балаларға, ерлерге және әйелдерге арналған киімдерді тігіп шығарады.
Фабрика ассортименті өте кең. Іш киімнен бастап, спорттық киімдерге, іскерлік костюмдерден жұмысшыларға арналған униформаға дейінгі өнімдерді қамтиды. Мұнда трикотаж өнімдері, бас киімдер, футболкалар, халаттар, пиджактар, шалбарлар және күртелер де жасалады. Сонымен қатар, сапалы материалдардан арнайы униформа мен тұрмыстық текстиль бұйымдары тігіледі.
«Sagitex» фабрикасы айына 300 000 дана өнім шығару қуатына ие. Мұның бәрі ең озық технологиялар мен заманауи жабдықтар арқасында жүзеге асады. Фабрикадағы техникалық құрал-жабдықтар «Zara», «Adidas», «Puma», «Mango», «Lacoste», «DeFacto» сияқты әлемге танымал брендтердің талаптарына сай келеді.
Фабрика басшылығы өндіріс процесінде тиімділікті арттыруға баса көңіл бөледі. Еуропа мен басқа елдерден жеткізілетін сапалы материалдар қолданылып, жергілікті қызметкерлердің білімін арттыруға, жұмыс жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударылады. Барлық өндіріс ISO стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
Фабрика әртүрлі салалардағы кәсіпорындармен, соның ішінде киім дүкендері, сән үйлері, дизайн-ательелер, қонақүйлер, ресторандар, құрылыс компаниялары мен спорттық ұйымдармен серіктестік орнатқан. Оларға арнайы тапсырыс бойынша сапалы киім тігіледі.
Тігін процесінің ең маңызды кезеңі — мата жаюдағы дәлдік пен сапа. Әрбір тігіншінің қолтаңбасы саналатын тиянақты окантовка мен мұқият жасалған дайындық өндірілетін киімнің мінсіз болуының кепілі. Әрине, мұның барлығы үлкен еңбекті талап етеді. Айта кетейік, жақында фабрика ұжымының еңбегі лайықты бағаланып, олар «Үздік тауар өндіруші» номинациясымен марапатталды.
Қорыта айтқанда, «Sagitex» компаниясы Шымкенттің индустриясындағы сенімді әрі ірі өндірушіге айналып келеді. Бүгінде оның өнімдері қазақстандық нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие.












