Судың әр тамшысы бақылауда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Судың әр тамшысы бақылауда

76

Су – тіршіліктің қайнар көзі. Ал, миллиондаған тұрғынға таза ауызсу жеткізу – оңай шаруа емес. Бұл – бір сәтке де тоқтауға болмайтын үлкен жүйе, үлкен жауапкершілік. Қаламыздағы су жүйесі – бұл тек құбырлар мен шүмектер ғана емес, күндіз-түні үздіксіз жұмыс істейтін, заманауи технологиялармен жабдықталған күрделі құрылым.

Бүгінде бастау көздерінен алынған және арнайы кезеңнен өткізіліп, тазартылған су қалаға үш негізгі су құбыры арқылы жеткізіледі. Одан әрі су кварталдық таратушы желілер арқылы әр үйге бағыт алады. Осы ірі желіні қадағалау үшін қала аумағы 8 учаскеге бөлінген. Бұл учаскелерде аутсорсингтік компаниялар жұмыс істейді. Олардың міндеті – желілердің, құрылғылардың, есептеу құралдарының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Су жүйесінің жұмысын заманауи автоматтандырылған басқару жүйесі бақылауда ұстайды. Қаланың жүрегі іспетті орталық диспетчерлік пунктте үлкен монитор орнатылған. Бұл монитор арқылы құбырлардағы қысым, апаттық жағдайлар мен судың қозғалысы бір сәтке де назардан тыс қалмайды.
– Қала аумағында 206 бақылау нүктесі бар. Құбырлардағы қысым туралы ақпарат сол нүктелерден үздіксіз келіп түсіп отырады. Егер бір жерден ақау байқалса, біздің мамандар сол сәтте тиісті шара қабылдайды, – дейді орталық мамандары.
Мониторда апаттық бригадалар мен санитарлық бақылау инспекторларының орналасқан жері де GPS арқылы көрсетіліп тұрады. Бұл – апатты жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді жүйе.
Тағы бір қуанарлық жайт, қаламыз еліміз бойынша су есептегіштермен толық жабдықталған санаулы қалалардың бірі. Бұл тұрғындарды суды үнемдеуге үйретсе, су арнасы тарапынан қаржы мен энергияны үнемдеуге жол ашты.
– Су есептегіштер судың нақты шығынын көрсетеді. Бұл – ең алдымен әділдік. Әркім өзі тұтынған суына ғана ақы төлейді. Екіншіден, бұл тәсіл тұрғындарды бейсаналы түрде үнемшіл болуға тәрбиелейді, – дейді сала мамандары.
Бүгінде қалада тұрғындарға сапалы ауызсу жеткізу, су жүйесін үздіксіз әрі тиімді басқару – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар – судың әр тамшысы қадағалауда екенін, елімізде коммуналдық жүйелердің цифрлық жаңғыру бағытында дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Advertisements