Шымкентте керамикалық өнім мен қағаз шығаратын зауыттар бар

Шымкент қаласында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «BIK KANC» ЖШС-де болып, өндіріс барысымен танысты.
Жылына 2 880 000 бума қағаз шығаратын зауыт
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық партия филиалы жанындағы Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық кеңес төрағасының орынбасары Гүлайым Шунғараева, сондай-ақ Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері қатысты.
2018 жылы құрылған бұл кәсіпорын А4 және А3 форматындағы кеңсе қағазын өндіруге маманданған. Зауыт жылына 2 880 000 бума қағаз шығара алады. Қазіргі таңда мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде өндірістің І кезеңі іске қосылған, ал 2027 жылға қарай ІІ кезеңді іске қосу жоспарлануда. Дайын өнім еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіледі.
Кәсіпорын цехтарын аралап, жұмысшылармен әңгімелескен Болатбек Нажметдинұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
– Отандық өндіріс — еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Мұндай жобалар ел сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сіздерге алдағы жұмыстарыңызда сәттілік тілеймін, – деді депутат.
10 млн шаршы метр керамикалық өнім шығаратын зауыт

Одан соң Болатбек Нажметдинұлы керамикалық жабындар мен плиткалар өндіретін «WanShengCeramic» ЖШС атбасын бұрды.
Шымкент қаласында 2024 жылы іске қосылған, керамикалық жабындар мен плиткалар өндіретін «WanShengCeramic» ЖШС бүгінде 350 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Зауыт жылына 10 млн шаршы метр керамикалық өнім шығаруға қауқарлы. Дайын өнімнің 70 пайызы еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілсе, қалған 30 пайызы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, мұндағы жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Депутат ұжыммен кездесуде жалақы мәселесіне де назар аударды.
– Жұмысшылардың еңбегі лайықты бағалануы керек. Мүмкіндігінше жалақы мөлшерін көтеру жолдарын қарастырған жөн, – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Мекеме басшысы Лю Вэньцин өз кезегінде жалақы қызметкерлердің тәжірибесі мен біліктілігіне қарай белгіленетінін айтты. Дегенмен, сіздің ұсынысыңызды назарға алып, алдағы уақытта қарастырамыз, – деп жауап берді.












