Кәсіпорындардың жай-жапсары

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев жұмыс сапарымен Шымкентке келді. Халық қалаулысы жұмысын жаңадан бастаған және ісін ілгерілетіп жатқан бірқатар кәсіпорындарды аралады.
Мәжіліс депутаты, қалалық мәслихат депутаттары алдымен жаңадан ашылған «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің жұмысын бақылап көрді. Мекеме басшысының айтуынша, жаңа ғимаратқа өз қаражаты есебінен 1,2 млрд теңге инвестиция салып мекемені іске қосқан. Күні кеше лицензияға да қол жеткізген. Жаңа зертханада 30 адам, жалпы мекемеде 200 адам жұмыс істейді. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді.
«Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің қалада 40 шақты емхана кабинеті бар.
Одан соң халық қалаулылары «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС тынысымен де танысты. Ауқымды зауыт құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Оның біріншісінде инвестор 13 млрд теңге құйған. Нәтижесінде экспорттық керамогранит өндіретін желі құрылып, 350 адам жұмыспен қамтылған. Енді екінші кезеңін бастауды көздеп отыр.
“95 процент опарациялар роботтандырылған. Яғни адамның қатысуынсыз автоматика түрінде атқарылып отыр. Инвестордың айтуынша олар екінші кезеңді бастағалы отыр”,-деп атап өтті ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Сондай-ақ, Азат Перуашев «QAZALPACK» ЖШС-і алюминий банкаларын өндіретін зауытқа да барды. Өндіріс басшысы кәсіпорынның қазіргі жай-күйі, қызметкерлерді оқыту, оларды әлеуметтік қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қазір мұнда қызметкерлер шетел тіліне, жалпы өндірістік бағытта тәлім алуда. Мекеме директорының мәлімдеуінше, өнімдер ішкі және сыртқы нарықты қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан нарығына шығарылады. Жалпы мұнда алюминий қаптамалардың барлық түрі өндірілуде.












