Салтанаттың етік пішінді құмырасы АҚШ-та тұратын азаматтың коллекциясында
Кейде адам өміріндегі күтпеген өзгерістер оны өзін табуға, жан-дүниесін тыңдауға жетелейді. Осындай жолмен өнерге оралып, саз арқылы сыр шерткен жандардың бірі – керамика шебері, «Айналайын» брендінің авторы Салтанат Батырханқызы Дәуренбекова.

Салтанаттың керамикамен айналысуы төрт жылдан аса уақыт бұрын басталған. Денсаулығына байланысты тұрақты жұмысынан шыққан соң, өмірінің жаңа бағытын іздеген шебер шығармашылыққа бет бұрады. Қанында бар өнерге деген ықылас ата-анасынан дарыған – анасы гобелен тоқып, бисермен безендірсе, әкесі – суретші. Бала күнінен анасына қарап әшекей жасап, сурет салып өскен.
Алайда, керамикаға деген құштарлық кейін пайда болған. Уақыт өте келе саздың ерекше материал екенін түсінген. Шебер үшін саз – сабыр мен сезімнің символы. Табиғаттан, ұлттық мұрадан – ою-өрнектер мен бейнелерден шабыт алып, оны заманауи минимализммен үйлестіреді. Сондықтан да оның жұмыстары этно мен заманауи стильдің тоғысында дүниеге келеді.

“Бір бұйымның дүниеге келу жолы – тұтас бір сапар. Алдымен ойда идея туып, ол эскизге айналады. Содан кейін саз дайындалып, қолмен мүсінделеді. Бұдан кейінгі жолы – кептіру, алғашқы күйдіру, арнайы бояу жағу және қайтадан күйдіру. Әр кезеңде бұйымды шыдамдылықпен күтіп, тіпті кейде пештен сынып шыққанына да көнуге тура келеді. Бұл – керамиканың басты сабағы”, – дейді Салтанат Батырханқызы.
Шебер ең басты құралы – қолдары. Әсіресе, қолмен мүсінделген бұйымдарда ерекше жылылық пен жан бар деп есептейді. Олар мінсіз тегіс болмаса да, шынайылық пен адам қолының ізін сақтайды.
Жасалуы ең ұзақ уақытты қажет ететін бұйым – құмыра. Оны дайындау, кептіру, күйдіру және бояу процесі үш аптадан астам уақыт алады. Әсіресе бояу ерекше назарды талап етеді – асығыстық қатені кешірмейді. Сондықтан бұл жұмыс – бар болмысты, тыныштықты қажет ететін шығармашылық.

Қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері – шебердің қолтаңбасының ажырамас бөлігі. «Айналайын» брендінің ұранының өзінде ұлттық мұрадан шабыт алу идеясы жатыр. Қазақы нақыштағы бұйымдарға деген сұраныс та жоғары. Бұл шебер үшін үлкен қуаныш, себебі ұлттық өнердің заманауи түрінде жастар арасында трендке айналуы – мәдениетті сақтаудың жаңа жолы.
Оның бұйымдарына қызығушылық танытатындар арасында шетелдік коллекционерлер де. Франция, Корея, АҚШ, Испания мен ТМД елдеріне жөнелтілген бұйымдар – соның айғағы. Әсіресе мақал-мәтел жазылған пиалалар, ерекше пішінді құмыралар мен этно әшекейлер сұранысқа ие.
Шебер «Instagram» желісі арқылы да, жәрмеңкелерде де сатады. Интернет кеңірек аудиториямен байланыс орнатуға мүмкіндік берсе, жәрмеңке – тікелей эмоция мен шабыт алатын алаң. Әр бұйымды сатып алған адамның қуанышы шебердің еңбегін бағалағанмен тең.
«Ең сүйікті бұйымым» деген сұрағымызға ол күлімсірей отырып жауап берді. Әр пеш ашқан сайын жаңа туындыны көріп, «міне, осы – сүйіктім» дейтінін мойындады. Солардың бірі – қыз мүсінді құмыра «Қырмызы». Оның бірнеше нұсқасын Шымкент қаласының әкімі сатып алған. Тағы бір сүйікті туындысы – етік пішінді құмыра, ол АҚШ-та тұратын азаматтың коллекциясында. «Айналайын» атты шам-шырағы да ерекше мағыналы: таудың етегінен күндей атылып, жарық шашқан лампочка – символдық образ ретінде көрініс табады.
Кейіпкеріміздің алдағы жоспарлары ауқымды. Жаңа коллекциялар, этно-элементтерді заманауи стильде дамыту, халықаралық деңгейге шығу – басты мақсаттардың қатарында. Сонымен қатар болашақта керамика бойынша білгенін өзгелерге үйрету ниеті де бар.












