Шымкенттегі әуежайдың әлеуеті артып, жаңа вокзал бой көтермек

Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Қала әуежайында қосымша ұшу-қону жолағы салынып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артады. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы қазірдің өзінде алынған. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, әкімдік министрлікке бюджетке өтінім жолдап, қолдау тапқан. «Жобаны мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүзеге асырамыз», – деді ол.
Айта кетейік, желтоқсанда ашылған жаңа терминал жолаушылар ағынын 10 есеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Әуежай нысаны халықаралық талаптарға бейімделіп, заманауи телескопиялық траптармен қамтамасыз етілді, алты гектарлық перрон салынды. Бұл өз кезегінде шетелдерге тікелей әуе рейстерін көбейтуге мүмкіндік берді.
Шымкент тұрғыны Базаралы Тұрапов мұның нақты пайдасын атап өтті: «Қазір Сеул мен Будапешт секілді қалаларға тікелей рейстер ашылғаны мені қуантады. Бұрын Алматы арқылы ұшуға тура келетін, оған бір тәулік кететін. Енді әуежайға жетіп, рейске отыруыма екі-үш сағат кетеді», – дейді ол.
Жүк тасымалы да назардан тыс қалған жоқ. Әуежай басшылығы әлемнің алты ірі транзиттік компаниясымен серіктестік орнатып, халықаралық логистика нарығына кірді. Келер жылы Шымкент әуежайында заманауи карго-қойманың құрылысы аяқталмақ. Жобаның ауқымы да айтарлықтай.
«Қойманың жалпы аумағы кемінде алты мың шаршы метрді құрайды. Мұнда тоңазытқыш камералары, қауіпті әрі радиоактивті жүктерге арналған аймақтар, тез бұзылатын және құнды тауарларға арналған арнайы бөлімдер қарастырылады», – деді «Шымкент әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Алик Ганеев.
Қаланың бас жоспарына сәйкес, әуежай аумағында жаңа теміржол вокзалының құрылысы да жоспарланған. Қазіргі таңда жер телімі анықталып, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жоба жүзеге асқанда әуе, теміржол және жүк тасымалы бір орталықта шоғырланып, мегаполистің транзиттік әлеуеті айтарлықтай нығаяды.












