Шымкентте шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша 3 жоба іске асырылуда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша 3 жоба іске асырылуда

34

Мегаполисте қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Бұл бағытта қала әкімінің тапсырмасы бойынша кіріс органдарымен бірлесіп, қаладағы 3 мыңға жуық коммерциялық нысанның бағалау құны нарықтық құннан бірнеше есе төмен екендігі анықталды. Қалалық базарларда, мейрамханалар желілерінде және банкет залдарында жүргізілген хронометраждық жұмыстардың қорытындысы бойынша нақты кірістер орта есеппен 8 есе төмендетілгені анықталды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл бюджет шығыстарының көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 185 млрд теңгеге ұлғайып, 841 млрд теңгені құрады. Бюджет түсімдерінің көлемі 130 млрд теңгеге өсіп, 473 млрд теңгеге жетті. Соңғы екі жылда қаланың бюджеттік дербестігі 46% – дан 56% – ға дейін ұлғайды, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 72% – ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3% – ға өсті. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23,9% – ға ұлғайып, 865,5 млрд теңгені құрады. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,5% – ға жетті.

Сонымен қатар, қалада шағын өнеркәсіптік аймақтарды салу бағдарламасы бойынша 3 жоба іске асырылуда. Жоспарға сәйкес 150-ден астам шағын кәсіпорын ашылады, онда 500 жұмыс орны ашылады.

Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру үшін қолданыстағы бес өндірістік алаңға (“Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы, “Оңтүстік”, “Тассай” индустриялық аймақтары, “сауда-логистикалық орталығы” және “Ордабасы” жеке индустриялық аймағы) жалпы ауданы 438 га “Жұлдыз” және “Бозарық” индустриялық аймақтары қосылды.

2025-2030 жылдар кезеңінде инвестициялық құны 4,9 трлн теңгені құрайтын 212 жобадан тұратын пул қалыптастырылды, оның шеңберінде 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

Жобаларды жергілікті және шетелдік инвесторлар іске асыратын болады. Ірі жобалардың қатарында: түрік капиталының қатысуымен “Alsera KZ” және “Fabe Agro” компанияларының заманауи жылыжай кешенін салу, сондай-ақ қытайлық “Shaanxi Construction Kazakhstan” ЖШС компаниясының қалдықтарын энергетикалық кәдеге жарату жобасы және алкилат пен полипропилен өндірісі бойынша отандық “Intertrans” ЖШС жобасы бар.

Advertisements