Шымкентте коммуналдық қызметтердің тарифі жыл соңына дейін тұрақты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте коммуналдық қызметтердің тарифі жыл соңына дейін тұрақты

30

Үкімет еліміздегі коммуналдық қызметтердің тарифін жыл соңына дейін ұстап тұруға күш салып жатқанын мәлімдеді. Министрліктегілер әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларын өндірушілерге ерекше назар аударылатынын, олар үшін басқа заңды тұлғалармен салыстырғанда жеңілдікті шарттарды көздейтін ұстамды тарифтік саясат қолданылатынын алға тартты.

Абай ауданындағы «Солтүстік-Батыс», «Жиделі», «Көкбұлақ» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» шағынаудандарында ұйымдастырылған әкімнің көшпелі кездесуінде  бұл мәселе назардан қалмады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков коммуналдық қызметтердің тарифін барынша ұстап тұрғандарын жеткізді. Алайда, жанар-жағармай мен дизельді отынның қымбаттауына байланысты, бюджеттік шығындардың да көбейгенін айтты. Тарифтерді жыл соңына дейін ұстап тұруға уәде берген әкім, келесі 2026 жылдан бастап коммуналдық қызметтердің бағасының көтерілетінін жеткізді.
«Ренжімеңізде, мұны біз қолдан жасап отырған жоқпыз! Бүкіл елдегі жағдай осындай»,-деген әкім келер жылы тек коммуналдық қызметтердің бағасы ғана емес, жол ақысы да көтерілетінін мәлімдеді.
«Келесі жылы жол ақысы 70 теңгеден 120 теңгеге дейін көтеріледі. Алайда бұл өзгерістің зейнеткерлер мен оқушыларға қатысы жоқ. Олар қоғамдық көлікте тегін жүреді»,-деді әкім.
Жекелеген санаттарға жататын азаматтарға да уайымдауға негіз жоқ. Жол ақысының қымбаттауы оларға да әсер етпейді.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап қоғамдық көлікте 14 жекелеген санаттағы азаматтарға тегін жүру құқығы берілген еді. Жалпы алғанда, жеңілдікпен 319 мың азамат қамтылған болатын.
Айта кетейік, 2024 жылдың 15 қазанынан бастап қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жүйесі жойылды. Енді төлемдер тек электронды әдістермен жүзеге асырылады.

Әкімнің халықпен кездесуі барысында жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу, асфальттау жұмыстарын жүргізу, кәріз жүйесін жаңарту, жер учаскелерін рәсімдеу, көшелерді кеңейту, жол белгілері мен жарық бағаналарын орнату мәселелері де назардан тыс қалмады.

Тұрғындар тарапынан қосымша балалар мен спорт алаңдарын, мәдениет үйін және медициналық пункт ашу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, қоғамдық көлік бағытын реттеу, автобус санын арттыру және аялдамаларды көбейту ұсынылды.

Әкім Ғабит Сыздықбеков азаматтардың кездесуге белсенді қатысып, өз ұсыныстарын білдіргені үшін алғыс айтты. Көптеген мәселелер сол кездесу барысында шешімін тапты. Қосымша зерттеуді және уақытты талап ететін мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар жауапты органдарға берілді.

Advertisements