Шымкент: Қала әкімінің орынбасары баспасөз брифингін өткізді

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізіп, цифрландыру, өнеркәсіпті дамыту, әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында цифрландыру, жасанды интеллектті енгізуде бірқатар тапсырмалар берген еді. Қала әкімінің орынбасары білім, медицина, жол қауіпсіздігін арттыру, энергетика, қоршаған ортаны қорғау салаларында жүзеге асып жатқан цифрлық жобаларға кеңінен тоқталып өтті. Сәрсен Абайұлының мәліметінше, жаңа оқу жылында қала мектептерінде балаларды ыстық тамақпен қамтуда биометриялық айқындау жүйесі іске қосылды. Шымкент қаласы қосымша білімді цифрландыруда өңірлер арасында алда келеді. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар тиімді жобалар жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, шаһарда заңсыз қоқыс төгетін аймақтарды болдырмау, жылу құбырларынның жай-күйін тексеру жүйесі бойынша да цифрлық жобалар қолға алынуда.
Қала әкімінің орынбасары инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 425,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,9 %-ға артып отыр. 2025-2030 жылдар аралығында қала аумағында жүзеге асырылатын ірі жобалардың пулы жасақталған. Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 100 гектарға, «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағын 136 гектарға, «Жұлдыз» индустриялық аймағын 155 гектарға қосымша кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Баспасөз мәжілісінде БАҚ өкілдері әлеуметтік сала, инфрақұрылыммен қамту мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі және тиісті басқарма қызметкерлері сауалдарға толыққанды жауап берді.












