
Бүгін Шымкент қаласындағы Орталық саябақта Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» кең көлемде аталып өтті.
Бұл мерекелік іс-шара еліміздегі өзбек этномәдени бірлестіктерінің құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп, қос мерекенің қуанышын еселей түсті.
Іс-шараға Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Сержан Қоңыратбайұлы, Қазақстан Республикасы өзбектері этно-мәдени бірлестіктері «Дўстлик»қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Усупахметов және Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев арнайы қатысты. Сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келген мәртебелі меймандар да мерекеге келіп, халықтар достығына куә болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық медиатор, Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Аббас Шамұрзаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен өзбек этномәдени бірлестігінің мерейтойының қатар келуі айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл іс-шарада ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер мен тұрмыс-салт үлгілері жұртшылық назарына ұсынылып, көрмеге келген әрбір жан өзбек халқының бай мәдениетімен етене танысты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел ішінде бейбітшілік пен бірлікті сақтап отырғанын айта келіп, өзбек этносы өкілдерінің де Жаңа Қазақстанды құруға лайықты үлес қосып келе жатқанын жеткізді.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Усупахметов өзбек этносының қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қала халқының шамамен 15 пайызын құрайтын өзбек этносының кәсіпкерлері мен іскер азаматтары өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.












