
Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында ардагерлерге құрмет көрсетіледі.
Қарттар үйлерінде концерттер өткізіліп, басты салтанатты жиын «Royal Rose» мейрамханасында өтті. Мұнда түрлі салада еңбек еткен 200-ден астам ардагерге сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, мереке қарсаңында 70 жастан асқан зейнеткерлерге 3 АЕК мөлшерінде бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек 80 жастан асқан жалғызілікті қарияларға айына – 2 АЕК көлемінде қосымша төлем төленеді.
5 қазан – Ұстаздар күніне орай 3 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты іс-шара өтеді. Жергілікті өнерпаздар мен жастар ұстаздарға арнаған өнерін паш етіп, үздік педагогтарға марапаттар тапсырылады.
19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңындағы мереке де «Қызғалдақ» сарайында атап өтіледі. Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаға жергілікті өнерпаздар қатысады. Биыл құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесін ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығымен бірге атап өтуде. Осыған орай республика көлемінде «30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясы өтіп жатыр. Шымкенттік құтқарушылар да ардагерлерге, балаларға, табиғат пен жануарларды қорғауға арналған түрлі қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруда.
25 қазан – Республика күні қарсаңында екі күндік ауқымды шаралар жоспарланған. 24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтіп, еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті марапаттар, сондай-ақ «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал 25 қазанда Астана алаңында сағат 20:00-де ашық аспан астында үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, еліміздің танымал әншілері мен жергілікті өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.












