Шымкентте Иранның 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтеді

2025 жылғы 12–15 қазан аралығында Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Иран Ислам Республикасының 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтеді. Іс-шараға инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттар бойынша жетекші ирандық компаниялар қатысады.
Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек хабарлады.
Спикердің сөзінше, көрме аясында келушілерге әртүрлі өнімдер мен қызмет түрлері ұсынылады. Атап айтқанда, машинамен тоқылған кілемдер, тағам өнімдері (тәттілер, сүт және құрғақ сүт өнімдері), тұрмыстық химия және гигиеналық тауарлар, полимерлі құбырлар мен құрылыс материалдары, болат және алюминий бұйымдары, сондай-ақ жиһаз, тоқыма бұйымдары және тұрмыстық техника таныстырылмақ. Бұдан бөлек, логистика, транзит және сауда қызметтері, мұнай-газ саласына арналған инженерлік және техникалық жабдықтар салалары бойынша да заманауи үлгілер ұсынылады.
Көрмеге Иранның сауда палатасы, «Нуре Тус» экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтары қатысады. Бұл алаң қазақстандық кәсіпкерлерге ирандық серіктестермен тікелей байланыс орнатып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
Қазақстан тарапынан іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысуы жоспарланған.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, көрме Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және екі ел арасындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды шара болмақ.
Айта кетейік, Иран Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 296 миллион долларды құрады. Қазақстаннан Иранға экспорт көлемі 29,1%-ға өсіп, 100,6 миллион долларға жетті. Қазақстан Иранға негізінен бидай, арпа, рапс, жүгері сынды дәнді дақылдар және қой мен сиыр етін сатады.












