«Әрбір тұтынушының сенімі мен таңдауы аса маңызды» дейді шымкенттік кәсіпкер - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Әрбір тұтынушының сенімі мен таңдауы аса маңызды» дейді шымкенттік кәсіпкер

27

​Шымкентте 2025-2030 жылдары өңдеу өнеркәсібі салаларында 3,6 триллион теңгеге 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны бар 143 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Аталған жобалардың 22-сі биыл енді іске қосылмақ. Ал, 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Олар – Sauran Bricks ЖШС-нің автоклавты газбетон өндіру зауыты, QazAlPack ЖШС-нің алюминий қаптамасын (ыдысын) шығаратын өндірісін жаңғырту, ZeineP ЖШС-нің бір реттік медициналық төсек-орын жабдықтары мен бұйымдарын өндіру, BIK Kanc ЖШС-нің А4, А3 форматтағы қағаз өндірісі, RaiMar ЖШС-нің құрылыс материалдарының өндірісі, Cleans Fabric ЖШС-нің ылғал майлықтар өндірісі. Бүгінгі мақаламыз ылғалды майлықтар өндіретін “Cleans Fabric” зауыты туралы болмақ.

Зауыттың басшылары – Дирик Рамазан мен Дирик Бақыт Бөлешқызы. Отбасылық бизнестің негізі осыдан 17 жыл бұрын қаланған. “Дирик” жеке кәсіпкерлігінен басталған бизнес бүгінде “Cleans Fabric” ЖШС-не айналып қанатын кеңге жайып отыр.

«Біздің кәсіпкерлік жолымыз 2008-2019 жылдары құрылыс материалдарын сатудан басталды. Бұл жылдар бізге нарықты түсінуге, тұтынушы сұранысын зерттеуге және жауапкершілікті бизнес жүргізудің маңызын ұғынуға үлкен тәжірибе берді.

2020 жылы нарықты саралай келе, Қазақстанда жеке гигиена құралдары, әсіресе ылғалды майлық өнімдерінің жеткіліксіз екеніне көзіміз жетті. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік әрі маңызды шешім қабылдаудың бастамасы болды. Сол кезеңде біз елімізде сапалы ылғалды майлық өндірісін жолға қоюды мақсат етіп, халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын жабдықтар мен шикізат іздеу жұмыстарын бастадық.
Мақсатымыз отандық тұтынушыларға сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді өнім ұсыну болды. Осы жолда бізге «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры үлкен қолдау көрсетті. Қордың қаржылық және кеңестік көмегінің арқасында 2020 жылы қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, 2021 жылы толыққанды өндіріс іске қосылды. Содан бері ылғалды майлық өндіруді жолға қойдық. Көпжылдық тәжірибеміз бен жүйелі жұмыстың нәтижесінде, бүгінгі таңда өнімдеріміз Қазақстанның барлық өңірлерінде бар. Сонымен қатар, біз Қырғызстанға экспорт жасап отырмыз. Осылайша, шекара асып, отандық өнімнің сапасын жақын шетел нарығына да таныта бастадық, – дейді кәсіпкер Бақыт Бөлешқызы.

Бүгінде бұл өндірісімізде 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар 8 түрлі ылғалды майлық пен 7 түрлі гигиеналық қағаз өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар, медициналық мекемелердің тапсырысы бойынша түрлі құрғақ сүлгі (бір реттік майлықтар) дайындайды. Өнім түрлерін атап өтер болсақ: балаларға арналған ылғалды сүлгі, антисептикалық сүлгілер, күнделікті қолдануға арналған сүлгілер, косметикалық мақсаттағы сүлгілер және майлықтар, дәретхана қағазы және басқа да қағаз өнімдері.
2024 жылы кәсіпорында шамамен 280 000 қорап ылғалды сүлгі өндіріп, оны сату арқылы ҚҚС қоса есептегенде 480 264 716 теңге көлемінде табысқа қол жеткізілді. Ал, 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін бұл көрсеткіш 285 000 қорапқа жетті. Қазіргі таңда мұнда өндіріс көлемін арттыру мақсатында қосымша жаңа жабдық сатып алу, жұмысшылар қатарын арттыру мақсат етілген.

Айта кетейік, мұнда өндіріске қажетті шикізат Түркия, Қытай және Өзбекстан елдерінен әкелінеді. Сонымен қатар, макулатура қабылдап, қайта өңдеу процесіне де көңіл бөлінуде. Бұл, әрине, өз кезегінде сапалы әрі тиімді шикізат көздерін пайдалана отырып, өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
««ДАМУ» қорының қаржылық және кеңестік көмегі жобамыздың табысты жүзеге асуына үлкен серпін берді. Жоғары технологиялы жабдықтар алып, бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы ішкі және сыртқы нарықта сенімді орын иеленіп келеміз. Мен, іскер әйел ретінде, мемлекетіміз ұсынып отырған қолдау мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік жолында аянбай еңбек етіп келемін», — дейді кейіпкеріміз Бақыт Бөлешқызы.
Дирик Бақыт Бөлешқызы үшін әрбір тұтынушының сенімі мен таңдауы аса маңызды. Осы үдеден шығу үшін кейіпкеріміз алда әлі де талай жоспарлар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. «Мемлекетімізге және бизнесті қолдауға атсалысып отырған барлық ұйымдарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Барлық кәсіпкерлерге мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, отандық өнімді дамытуға және ел экономикасын нығайтуға өз үлестерін қосуға шақырамын» дейді ол.

Айжан Ермекқызы

Advertisements