Шымкенттік дизайнер Оксана Утилбаева: «Тігін — мен үшін кәсіп емес, өмір салты» - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттік дизайнер Оксана Утилбаева: «Тігін — мен үшін кәсіп емес, өмір салты»

19

Шымкенттің шағын көшелерінің бірінде көзге ерекше ілінбейтін, бірақ іші толған шабыт пен еңбектің иісі аңқыған ателье бар. Бұл — жергілікті дизайнер, тігінші әрі кәсіпкер Оксана Утилбаеваның шығармашылық шеберханасы. Мұнда ине мен жіптің әр қозғалысында тарих, ал әр тігісте әйел қолының нәзік қуаты сезіледі.

Біз бұл ательеге кірген сәттен-ақ тігін машиналарының сыңғыры мен бу ыстық иісінің арасындағы ерекше атмосфераны сездік. Шеберлердің бірі көйлектің етегін үтіктеп, бірі жаңа тапсырыстың өлшемін алып жатыр. Ал Оксана болса, әр бөлшекті өз көзімен бақылап, тігіншілерге бағыт беріп жүр.
— Мен бала күнімнен тігіс тігіп келемін. Менің атам соғыс кезінде кәсіби портной болған. Әжем де тігін ісін білген, сол кісіден үйрендім. Егер алғашқы саналы түрде тіккен бұйымымнан есептесем, менің тәжірибем 40 жылға жуық, — дейді Оксана.
Оксана Утилбаева тігіншілік жолын кәдімгі ПТУ-дан бастап, кейін Тараздағы технологиялық институтта білімін жалғастырған. «Восход» фабрикасында еңбек жолын бастаған ол біраз жыл өз қолымен киім тігумен айналысқан. Кейін басқа салаға бет бұрып, қоғамдық тамақтану ісін де сынап көріпті. Бірақ бәрібір тігін машинасының жанынан ұзай алмаған.
— Иә, менде екі кафе болды. Бірақ, білесіз ба кез келген салада ақша табуға болады, бірақ жаның қуанбаса, бәрі бекер. Содан өз ісіме қайта оралдым. Алғашында екі-ақ машинамен бастадым. Енді, міне, биыл ательемнің ашылғанына 15 жыл, — дейді дизайнер.
Қазір оның ательесінде екі тігінші тұрақты жұмыс істейді, ал тапсырыс көбейген уақытта қосымша шеберлер тартылады. Әсіресе, той маусымы мен мектеп бітіру уақыты — ең қызу кезең.
— Кейде клиенттеріміз киім таңдауда қорқақтайды. Бізде жаңа, батыл үлгілерге үйрену процесі әлі баяу. Бірақ менің идеалды клиентім — өзіндік стилі бар, ерекшеленуден қорықпайтын әйел. Ондай адамдармен жұмыс істеудің өзіндік рахаты бар, — дейді кейіпкеріміз.
Ательенің ішін аралап жүріп, тігін машиналарының қатар тізілгенін көреміз. Барлығы дерлік жаңа үлгідегі заманауи жабдықтар.
— Былтыр мен барлық машиналарды жаңарттым. Өйткені, сапа ең алдымен құралға байланысты. Жақсы машина — таза тігіс, мінсіз пішім. Бұл біздің жұмысымызда өте маңызды, — дейді ол.
Оксана ханымның шығармашылығы сән апталықтарына да жеткен. Алғашқы рет ол Қазақстан сән апталығына африкалық мотивтегі, ұлттық нақыштағы коллекциясымен қатысқан. Сол көрсетілімнен кейін оны дизайнерлер қауымы жақсы танып алды.
— Сән апталығы — бұл жай ғана көрсетілім емес. Бұл — өзіңді танытудың мүмкіндігі. Менің коллекциямнан кейін клиенттерім де көбейді. Әр коллекция — бұл инвестиция. Мысалы, бір көрсетілімге 1,5–2 миллион теңге кетеді. Бірақ ол ақша бірден қайтпайды, ол сенің атыңа, беделіңе жұмыс істейді, — дейді дизайнер.
Киімдердің әрқайсысы ерекше. Кейбірі жарқыраған кешке арналған, енді бірі — классикалық үлгіде. «Мына көйлек, — дейді Оксана бір бұйымды қолымен сипап, — үш жыл бойы иесін күтіп тұрды. Кейде көйлек иесін өзі табады».
Бүгінде Оксана Утилбаева өз брендімен танылған «Oksana Utilbayeva» деп аталатын жеке маркасы бар. Оның киімдері нәзіктікті, талғам мен ұлттық сезімді қатар алып жүреді.
— Менің арманым — шымкенттік сәнді әлемге таныту. Бізде де сапалы, талғамды, ерекше стиль бар. Ең бастысы, өз ісіңді жақсы көру. Ал тігін — мен үшін кәсіп емес, өмір салты, — деп аяқтады бізбенен әңгімесін дизайнер.

Advertisements