Шымкент: Жол қауіпсіздігі және қозғалыс ыңғайлылығын арттыру шаралары қолға алынған - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Жол қауіпсіздігі және қозғалыс ыңғайлылығын арттыру шаралары қолға алынған

15

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әдеттегідей апталық баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, денсаулық, қаланың көркі мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы соңғы жаңалықтар талқыланды. Сондай-ақ, ресми өкіл жол қауіпсіздігі мен қозғалысы туралы айтты.
“Шымкент қаласында көлік қозғалысын оңтайландыру және жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде”,-деді ол.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, бірқатар көшенің қиылыстарында көлік кептелісін болдырмау мақсатында бағдаршам нұсқауларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:
• Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшесінің,
• Темірлан тасжолы мен Қожанов көшесінің,
• Т.Рысқұлов пен Б.Момышұлы көшесінің қиылыстарындағы бағдаршамдағы қосымша секциялар жасыл түсті «(+)» белгісі бар бағдаршамдарға ауыстырылды.
Бұл өзгерістер көлік қозғалысын реттеп, қиылыстардағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, А-2 тасжолында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі. 2025 жылғы 12 қарашадан бастап 22 қарашаға дейін Бозарық айналмасынан Тұран шағынауданындағы Қожаберген жырау көшесіне дейінгі аралық жабылады. Осыған байланысты жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
Бұдан бөлек, Ю.Сареми және Жаңақұрылыс көшелерінде де жөндеу жұмыстары басталып, 11 қарашадан бастап 1 аптаға дейін көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі.
Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазыбек би және Адырбеков көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріне, сондай-ақ Желтоқсан мен Қабанбай батыр көшелерінің бөлу жолағына жарық шағылыстырғыш (катафот) элементтері орнатылды. Бұл жұмыстар қала бойынша кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Advertisements