«Инвестицияға тапсырыс»: Қазақстан бизнесі мен агросекторы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады

Қазақстан экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған «Инвестицияға тапсырыс» ауқымды мемлекеттік бағдарламаны іске қосты.
Бағдарламаның басты мақсаты – ішкі нарықта сұранысы жоғары, импорттың үлесі көп тауарларды өндіруге бағытталған шағын, орта және ірі бизнес жобаларға қолдау көрсету
Бағдарлама аясында, әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніне және өңдеуші өнеркәсіптегі кең тұтынатын тауарларға айрықша көңіл бөлінбек.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, аталған бағдарлама елімізде аса жоғары сұранысқа ие бағыттарға инвестиция тартуға жол ашып, импортты алмастыру мен экономиканы әртараптандырудың жүйелі құралына айналады.
«Шындығында жаңа қадам негізгі өнімдер бойынша ішкі тапшылықты жоюмен қатар, экспортқа бағытталған өндірістерді қалыптастыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл өңірлердің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етеді», — деді министр.
Мемлекет импортты алмастыру және экспорттық әлеуеті жоғары салаларды анықтайды, ал өңірлер нақты жобалар жасап, оларды жүзеге асыруға дайын бизнес-бастамаларды қалыптастырады. Жобалардың тиімділігі, қаржылық және өндірістік мүмкіндіктері «Бәйтерек» холдингі арқылы әбден пысықталады, бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, инвестициялық тәуекелдерді азайтуға жол ашады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтардың сүт, ет, көкөніс, қант, картоп, балық және басқа негізгі өнімдер бойынша қамтылуын бағалауды, тапшылықтарды және импортқа тәуелділік деңгейін анықтауды, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін талдауды, аймақтардың шикізаттық әлеуетін бағалауды, сондай-ақ көлемін тез арттыруға мүмкіндік беретін өнімдердің экспорттық әлеуетін саралайтын кешенді талдау жүргізді.












