«Shymkent Fan Club» финалы қорытындыланды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Shymkent Fan Club» финалы қорытындыланды

15

Шымкент қаласында жастардың шығармашылығы мен белсенділігін арттыру мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Shymkent Fan Club» спорттық би байқауы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен өткен бұл жоба қала мектептері арасындағы ең ауқымды мәдени-спорттық іс-шаралардың біріне айналған. Биылғы байқауға 151 мектептен екі жарым мыңға жуық оқушы қатысып, өздерінің фан-клубтары атынан бақ сынады. Алғашқы іріктеу кезеңінде арнайы хореографтар мен мамандардан құралған комиссия өнер көрсеткен командаларды бағалап, олардың ішінен 21 мектеп финалға жолдама алған.
Финалдық сын шынайы шығармашылық тартысқа толы болды. Оқушылар заманауи хореография элементтерімен көмкерілген спорттық би нөмірлерін сахналап, өздерінің шеберлігі мен креативті ойлау қабілетін көрсетті. Командалардың сахналық мәдениеті, би техникасы, стильдік үйлесімі, фан-клубқа тән ерекше белгілері мен костюмдері де қазылар назарына алынды. Биылғы қатысушылардың деңгейі ерекше жоғары болды деуге негіз бар. Жастардың дайындығы, қиялы, сахнаны сезінуі мен командалық бірлігі көрермендерге де, қазылар алқасына да әсер қалдырды.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені Циолковский атындағы №84 жалпы орта мектебі жеңіп алды. Бірінші орын №99 мектеп-гимназиясына, екінші орын Д.И. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне, ал үшінші орын З. Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейіне бұйырды. Жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иегеріне велосипед, бірінші орынға смартфон, екінші орынға смартсағат, үшінші орынға брендтік сыйлықтар берілді. Сонымен қатар финалға қатысқан әрбір оқушыға жеке ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Advertisements