Түркістанның аудан-қалаларында 25 шағын өндірістік алаң құрылды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Түркістанның аудан-қалаларында 25 шағын өндірістік алаң құрылды

0

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді құру тәжірибиесін басқа облыстарда қолдану көзделуде. Осы бағыттағы жұмыстарды пысықтау мақсатында Түркістан облысына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков арнайы іссапармен келді.

Жұмыс сапары барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болды. Өндірістік паркте жаңбырлатып суғару технологияларын шығаратын «BNK Group», жиһаз өнімдерін өндіретін «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыш шығаратын «UBC групп» кәсіпорындары және басқа да бірқатар жобалардың жұмыс барысы таныстырылды. Сонымен қатар Сауран ауданы Яссы ауылдық округіндегі және Түркістан қаласында іске асырылып жатқан өндірістік парктердің құрылысы туралы ақпарат берілді.
Олжас Сапарбеков өңірде құрылып жатқан шағын өндірістік парктер жұмысын жоғары бағалады. Бұл бастаманың шағын және орта бизнестің, сондай-ақ өңірдің бизнес климатының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өндірістік парктер құру, ондағы жобалардың жүзеге асырылуы жіті бақылауда екенін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторлармен тұрақты байланыс орнатылып, өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.
Жалпы, облыстың барлық аудандары мен қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Аталған алаңдарда 258 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұл ғимараттарда орналасатын 251 жобаны іске асыру бойынша келісімдер жасалды. Жобалардың жалпы инвестициялық құны – 192 млрд теңге. Нәтижесінде, 5 218 жұмыс орны құрылып, жылына 96 млрд теңге импротты алмастыратын өнімдерді өндіру көзделуде.
Қазіргі уақытта 50 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Жобаларды іске асыру есебінен өткен жылы 27 млрд теңгеге импортты алмастыратын тауарлар шығарылды. Қалған өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстарын осы жылдың І жарты жылдығына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің қатаң байқлауында тұр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements