Түркістан: Сауранда жиһаз өндірісі қарқын алуда

Сауран ауданында кәсібін дөңгелетіп, бизнес ашамын деген жандар үшін мол мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өңірде 30-дан аса жиһаз цехы жұмыс істейді. Аудан шеберлерінің өнімдері елімізде ғана емес, көршілес елдерде де үлкен сұранысқа ие.
Аудағы ең ірі жиһаз өндіріс орындарының қатарында «Ақниет Holding» өндіріс орны бар. Жобаның өндірістік қуаттылылығы жылына 34 000 дана жиһаз, 24 000 мектеп парталарының жиынтығын құрайды. Қазіргі уақытта онда 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өңірдегі тағы бір ірі жиһаз өндіру орны «ТАК» фабрикасы. Бұл кәсіпорын он жылдан астам уақыт бойы өз шеберлігін жетілдіріп келеді. «ТАК» – корпустық жиһаз, шпонмен қапталған үстелдер мен орындықтар нарығындағы танымал көшбасшы. «ТАК» фабрикасының жиһаздары тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де жоғары сұранысқа ие. Өндірісте үнемі жаңартылып отыратын заманауи жабдықтар қолданылады. Ондағы шеберлер жиһазды жаңғақ, қарағаш, қарағай сияқты бағалы ағаш түрлерінен дайындайды. Ондай жиһаздар жылдар өте келе өз құндылығын жоғалтпай, тіпті арта түседі.
Ауданда биыл жыл соңына дейін тағы 4 жиһаз өндіру цехы өз жұмысын бастамақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі