ҚАЛА ӘКІМІ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ханчжоу-2022 ХІХ жазғы Азия Ойындарының жеңімпаздарымен кездесті. Халықаралық жарысқа қаламыздан спорттың 23 түрінен 66 спортшы қатысты. Айта кетейік, жергілікті спортшылар Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан бері Азия Ойындарына алғаш рет қатысып, 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальға ие болды.
«Сіздердің жеңістеріңізге бүкіл ел куә болды. Мұны біз мақтанышпен айта аламыз. Дегенмен, әлі де тоқтап қалмауымыз керек. 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада Ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қыруар еңбек қажет. Мемлекет басшысы спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуына тоқталып, бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісін жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналдыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді. Осы ретте қаламызда бұқаралық спорт пен кәсіби спортты дамытуда кешенді шаралар қолға алынды», – деді қала әкімі.
Бірінші орын жүлдегерлеріне қала әкімінің Алғыс хаты мен демеушілер есебінен 1 млн теңгенің сертификаты табысталса, екінші орынға 700 мың, үшінші орын иегерлеріне 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
ондай-ақ қала басшысы спортшыларды дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларды да марапаттады.