Шымкент әкімі жерасты өткелін жөндеуді тапсырды
Қала басшысы қаланы аралау барысында Абай ауданындағы Байдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жерасты өткелді тексерді.
Аудан әкіміне өткелді ағымдағы жөндеуден өткізіп, күтіп-ұстау жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Жаяу жүргіншілер өткелі қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуы керек.
Сондай-ақ қала әкімі Қазиев көшесін Төлеметов көшесіне дейін жалғайтын жол құрылысы жобасымен танысты. Бұл жобаны жүзеге асыру Байдібек би даңғылындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек Еңбекші ауданы, Момынов көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысын және Қойкелді батыр көшесіндегі көпірдің қазіргі жағдайын тексерді. Бүгінде көпір апатты жағдайда тұр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына көпірді күрделі жөндеуден өткізуді уақытылы ұйымдастырып, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар жаяу аралау барысында Ақназар хан, Қазанқап ақын, Ж. Алдияров және Адырбеков көшелерінің тазалығын тексерді. Аудан әкімдері мен жауапты тұлғаларға көше мен тротуарларды тазалау жұмысын күшейтіп, көше бойындағы кәсіпкерлік нысандар иелерімен аумақты таза ұстау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, биыл барлық саябақтарда балалар және воркаут алаңшаларын, йога мен шахмат ойнауға арналған алаңдар орнатуды және мамыр айына дейін көше нөмірлері көрсетілген тақтайшалар орнату жұмысын аяқтауды тапсырды.