Шымкент базарлары модернизациядан өтуде - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент базарлары модернизациядан өтуде

18

2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес елімізде 115 базарды жаңғырту жоспарланған. Бұл туралы ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында хабарлаған еді.

Оның айтуынша, 2024 жылы 16 базарда жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Қалған 99-ы 2025 жылы ретке келтіріледі. 2024 жылы жаңғыртудан өткен 16 базардың алтауы Алматыда, үшеуі Шымкент қаласында орналасқан.

«Бұл жұмысты біз әкімдіктермен, мемлекеттік кірістер, төтенше жағдайлар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау өкілдерімен бірлесіп жүргіздік. Өңірлік сапарлардың қорытындысы бойынша екі рет, осы жылдың наурыз және тамыз айларында біз сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасын өзектендірдік», — деп мәлімдеді Сауда комитетінің төрағасы.

Бүгінгі таңда қала аумағында 19 сауда базары жұмыс жасайды. Олардың 10-ы әмбебап, 9-ы мамандандырылған.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігімен базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасына 7 базар енді. Олар: «Авто-Нұр», «Алаш», «Орталық Қырғы базар», «Самал», «Жабық базар», «Назым апа», «Жаңа шахар» базарлары. Оның ішінде Алаш», «Самал», «Жаңа шахар» базарын жаңғырту жұмыстары 2024 жылы аяқталған. Қалған 4 базарды: «Авто-Нұр», «Орталық қырғы» базар, «Назым апа», «Жабық базары» жаңғырту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен 2025 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталады.
Бүгінгі таңда «Авто-Нұр» базарын жаңғырту жұмыстары 70% аяқталған (ескі ғимараттарды демонтаждау жұмыстары және жаңа павильонның қаңқасымен ішкі жұмыстары).
«Орталық Қырғы» базарында 50% жұмысы аяқталған (ішкі әрлеу, шатыр орнату жұмыстары және заңсыз тұрған сауда орындарының орнына жаңа павильон құрылысы).
«Назым апа» базарын жаңғырту жұмыстарына қажетті қаражат мәселесі шешіліп, құрылыс жұмыстары басталу сатысында.
«Жабық базарының» эскиз жобасы келісіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, 2024 жылы Алматы облысында – 1, Жамбыл облысында – 2, Қостанай және Ұлытау облыстарында – 1 базардан, Түркістан облысында – 2 сауда базары жаңартылды. Ал 2025 жылы 99 базарды жаңғырту қарастырылған.

Advertisements