Шымкент: Жеке кәсіпкерлер де МӘМС жарнасын төлеуге міндетті

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген күннен бастап МӘМС жарнасын төлеу міндеттеледі. Тіпті табыс таппаса да, заң бойынша бұл — міндет.
Тек кәсіпкерлігіңізді тоқтатып, салық органдарына хабарлаған жағдайда немесе әрекетсіз деп танылсаңыз ғана жарнадан босатыласыз.
Жеке кәсіпкердің басқа да міндетті төлемдерімен бірге МӘМС жарнасын төлеуі – заң талабы. Қызметті мемлекеттік емханаларда алмасаңыз да, жарна төлеуден жалтаруға болмайды.
Егер жеке кәсіпкер мүгедек болса, бұл жағдайда ол жеңілдікті санатқа жатады. Демек, жарнаны өзі емес, мемлекет төлейді.
Жарна төлеуден:
18 жасқа дейінгі балалар;
Зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежесімен марапатталған көп балалы аналар;
Күндізгі бөлімде оқитын мектеп, колледж, Жоғары оқу орындары
және магистратура студенттері босатылады.
Айта кетейік, келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмектен қағылмауын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосылады. Бұл өзгерістер жергілікті әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, кедейлікті азайту секілді әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы жауапкершілігін арттырады.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалының мамандары Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Алаш базарында тұрғындармен кездесіп, заңнамадағы өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуде халыққа жаңашылдықтардың маңызы мен артықшылықтары кеңінен түсіндірілді.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғындардың 80 пайыздан астамы, яғни 1 миллионнан астам адам сақтандырылған. Оның ішінде 700 мыңнан астам азамат жеңілдік санатына жатады және олардың жарнасын мемлекет төлейді. Дегенмен, 237 492 адамның сақтандыру мәртебесі жоқ, оның ішінде 56 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар.
Жаңа өзгерістер медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Шымкент қаласында осы бағыттағы түсіндіру және халықты МӘМС жүйесінде қамту жұмыстары жалғасуда.